Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлеуметтік желіде көрсетілетін "мінсіз өмір" кей адамдарға кері әсерін береді": Психолог түсіндірді

Әлеуметтік желілерде көрсетілетін мінсіз өмір кейбір адамдарға кері әсерін тигізеді. Бұл туралы психолог Ольга Романива айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Психологтың айтуынша, өз өмірін қызықсыз деп санайтын адамдар жіберіп алған мүмкіндіктер синдромы – FOMO (Fear Of Missing Out) деп аталатын ауруды дамытады. Аталған психологиялық жағдай адамда қызғаныш пен алаңдаушылық сезімін тудырады. 

"Бұл синдромға шалдыққан адам өзгелердің өмірін бақылап, олармен өзін салыстыра бастайды. Мұның соңы өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне әкелуі мүмкін. Егер адам желідегілердің өмірін бақылап, өзінде қызғаныш сезімі туындағанын түсінсе, виртуалды әлемде өткізетін уақытын шектеу керек. Сонымен қатар өз өмірін мінсіз етіп көрсететін адамдарға жазылудан бас тартуға болады", – деді психолог. 

Сондай-ақ ол әлеуметтік желі парақшасын жүргізудің орнына күнделік жазуды ұсынды.

"Күнделікке өзіңізге қуаныш әкелетін сәттер мен алған керемет әсерлеріңіз туралы жазыңыз. Дамуыңызға, жеке өміріңізге қатысты шынайы оқиғаларды баяндаңыз. Өмірде бар нәрсені: жақындарыңызды, денсаулығыңызды бағалау әлдеқайда пайдалы. Үнемі зейініңізді жаттықтырып, өзіңізге, сезіміңіз бен әрекетіңізге назар аударыңыз”, – деді Ольга Романива.

Талқылау