Қазақстанда Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасы әзірленуде: Кодекстің мақсаты не, қазақстандықтар өмірін қалай жеңілдетеді?
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сарапшылармен бірлесіп Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының жобасын әзірлеуде. Осы уақытқа дейін қолданылып жүрген заңдарды біріктіретін жаңа Кодекс азаматтарға әлеуметтік саланы, қамсыздандыру мәселесін түсінікті тілмен түсіндіретін, өз құқықтарын білуге бағыт болатын заңнама болмақ. Кодекстің мақсаты не, ол қазақстандықтар өмірін қалай жеңілдетеді? Stan.kz ақпарат агенттігі анықтады.
Әлеуметтік кодексті әзірлеудің мақсаты - азаматтардың өздерінің әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін іске асыруы үшін институционалдық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасауы.
ҚР Қазақстан республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Ниязов Асқар Нұрланұлы Әлеуметтік кодекстің негізі миссиясы - азаматтарға түсінікті тілмен, әлеуметтік саланы, қамсыздандыру мәселесін түсіндіру, дейді.
"Президенттің тапсырмасына сәйкес, Әлеуметтік Кодекстің тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз. 100-ге тарта сарапшылар тартылды, жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына мемлекеттік қызметкерлер, қатысуына ынтасын білдірген азаматтар,үкіметтік емес өкілдер, парламент мүшелері, басқа да қоғамдық ұйымдар мүшелері бар. 500-ге тарта ұсыныстар түсті. Әлеуметтік заңнаманы түсіндіру, азаматтар құқықтарын білуіне қатысты қиындықтар болады. Әлеуметтік кодекстің негізі мақсаты -16 заңның барлығын бір Әлеуметтік кодекс аясына жинақтай келе, тұжырымдалған нормалармен ұсыну", - дейді Асқар Ниязов.
Айтуынша, Кодекс тұжырымдамасын әзірлеу барысында шетелдік тәжірибеге назар аударылған.
"Әлеуметтік кодекстің аналогтары көп иелдерде бар екенін, кей елдерде жоқ екенін байқадық. Еуропа елдерінің көпшілігінде Әлеуметтік кодекс қарастырылмаған. Оны енгізудің әртүрлі тәртіптері бар. Әр ел ұлттық қасиеті, заңнамасы, қажеттілігіне қарай жасайды. Әлеуметтік қамсыздандыру кодексі азаматтар өз құқықтарын білу кезінде әртүрлі заңға жалтақтамай, бір заң аясына сүйенуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік шараларды, бала туғаннан қартаю шағына дейін кезең жеке-жеке саралап әр бапта көрсетілетін болады. Әр тарауда сәйкес нормалар қалыптастырамыз", - дейді ол.
Мәселен қазір бала туу кезінде, мүгедек бала не азаматқа, жұмысқа тұру барысында, зейнетке шыққанда еңбекке қабілеттілілігін жоғалту осының бәрі әртүрлі заңдар арқылы қарастырылады, дейді Асқар Ниязов. Енді барлық маңызды мәселелер бір әлеуметтік кодекс аясында тізбектеліп, тарау-тараумен жасалады.
Сондай-ақ, әлеуметтік саясат департаменті өкілі Кодекс аясында әлеуметтік мәселелерге қатысты құжаттарды рәсімдеу жеңілдейтінін атап өтті.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Кодекс адам өмірінің әрбір кезеңіне қажетті бөлімдерді қамтитынын алға тартты.
"Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – бұл халықтың түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру. Әлеуметтік кодекс азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленеді және адам өмірінің әрбір кезеңіне қатысты бөлімдерді қамтиды. Бұл қазақстандықтарға мемлекеттік қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті Ақмәди Сарбасов.
Сондай-ақ, Кодекс шеңберінде азаматтардың әлеуметтік құқықтарын жүйелеу жүзеге асырылады – бір құжатта адамның өмір жолында, тіршілік әрекетінің барлық салаларында туындайтын барлық базалық құқықтар, оның ішінде ең төменгі әлеуметтік стандарттар көрсетілетін болады.
Жұмыс тобы Кодексті екі бөліктен тұратын – жалпы және ерекше бөліктерден жасауды ұсынады.
Жалпы бөлікте мемлекет пен азамат арасындағы әлеуметтік қатынастарды олардың өзара міндеттемелерін нақты айқындай отырып, құқықтық реттеудің негіздері белгіленеді.
Ерекше бөлікте әлеуметтік тәуекелдердің жекелеген түрлеріне арналады, онда оларға ден қою шаралары, әлеуметтік көмек алушылардың санаттары, төлемдердің мөлшері, оларды тағайындау шарттары мен мерзімдері айқындалатын болады.
"Жаңа Кодекс бүгінгі күні бар барлық әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік қолдау нысандарының сақталуын, оның ішінде азаматтарды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан зейнетақылармен, жәрдемақылармен және төлемдермен қамтамасыз етуді, мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуді қамтамасыз етеді", – деп атап өтті Ақмәди Сарбасов.
Тұжырымдама бекітілгеннен кейін Еңбек министрлігі Әлеуметтік кодекстің өзін әзірлеуге кіріседі.
Әлеуметтік Кодекс тұжырымдамасы биылғы жылдың соңына дейін әзірленіп, заңнамалық жобасы келесі жылдың соңына дейін парламентке енеді деп жоспарлануда.
Еске салсақ, мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Әлеуметтік кодексті әзірлеу және қабылдау арқылы әлеуметтік заңнаманы шоғырландыру бойынша жұмысты бастауды тапсырған болатын.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
