"Саяхаттау қымбат емес": Қазақстандық саяхатшы қолжетімді әрі әсерлі саяхатқа қалай шығуға болатыны туралы
Коронавирус пандемиясы жайылып, бүкіл туризм саласы тоқтап қалғанда, ішкі туризмнің алар орны зор. Біз саяхатшы, travelblog.kz блогының авторы Нұржан Алғашовпен сұхбаттасып, Қазақстандағы ең көрікті жерлердің тізімі туралы сұрадық. Нұржан тек шетелдік саяхат жайлы ғана емес, Қазақстанда саяхаттауға болатын жерлер жайлы жазады және пайдалы кеңестерімен бөліседі. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында Нұржан өзіне әсер еткен, ұнаған ерекше елдер мен отандық туризмді дамытуға не керек екені жайында айтты.
– Нұржан, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз, саяхаттап жүргеніңізге қанша уақыт болды? Бұл бағытта кәсіби тұрғыда жұмыс істейсіз бе?
– Өзімнің инстаграмдағы трэвэл-блогымды жүргізіп жүргеніме алты жыл болды. Мұнда Қазақстанда және әлемде қай жерлерге бару керектігі жөнінде түрлі лайфхактармен бөлісемін. QazaqGeography қоғамында жұмыс істеп жүргеніме үш жыл болды. Осы үш жылда Қазақстан және оған шекаралас мемлекеттерге ғылыми, туристік экспедицияларды ұйымдастырдық. Сондықтан бұл менің кәсіби салам деп айтуға болады.
– Көбінесе қалай, кіммен саяхаттайсыз?
– Саяхаттауға кәсіби түрде, экспедиция ұйымдастырғанда Қазақстанның түкпір-түкпіріне жолға шығамыз. Жыл сайын мамыр айында Арал теңізіне барып, ғылыми зерттеулер жүргізетінбіз.
Қазақстанның оңтүстік, солтүстік, орталық, шығыс аймақтарына шығамыз туристік экспедицияларға да шығамыз. Трэвэл-блогер болғандықтан мені блог-тур, пресс-турға шақырады, осылайша көп жерлерді көруге мүмкіндік болды. Соңғы рет Алматы облысында Алтын емел паркіне, ШҚО-да Қатонқарағайға бардым. Содан соң осы ғажап көріністерді өз көзіммен көріп, посттар, мақалаларды жазамын. Пандемия басталмас бұрын жұбайыммен бірге Солтүстік, Оңтүстік Америкаға үлкен саяхат жасаған болатынбыз. 2019 жылдың қараша-желтоқсан айларында Мачу-Пикчу көне инктар (қазіргі Перу аумағын қоныстанған жергілікті тайпа) қаласын көріп қайттық. Бразилия, Аргентина, Мексика, АҚШ-та болдық. 40 шақты мемлекетті араладым, ал Қазақстанның 70-80 пайызын көрдім деп айта аламын.
– Жер шарын толық аралау ойыңызда бар ма?
– Жер шарын аралау ойда бар. Алайда меніңше, жер шарын велосипед, ұшақ, қайықпен толықтай аралаған адамдар онсыз да өте көп. Сондықтан қазіргі саяхатымның басты мақсаты - әлемнің көп жерін көріп шығу, бірақ бір саяхатта бүкіл әдемді аралау деген ой жоқ.
Саяхаттау бұл - демалыс емес, шаршау. Таңертең ерте тұру, көп жерлерге барып үлгеру керек, стресс алатын кездер болады. Дегенмен, әрине, қызық. Өз басым Қазақстанға келіп демаламын.
– Сіз барған жерлердің ішінде қай жерге техникалық тұрғыда жету қиын?
– Мен барған 40 мемлекеттің ішінде логистикалық жағынан жетуге, виза жасауда қиындық болған ел Перу болды. Себебі Қазақстанда Перу елшілігі жоқ. Қазақстан азаматтарына Перуға кіру үшін осы елдің визасы керек, ол әуежайда емес, алдын ала төлқұжатқа қойылуы тиіс. Перудің бізге жақын елшілігі Мәскеуде орналасты. Оңтүстік, Солтүстік Америкаға саяхатты жоспарлағанда бізде Мәскеуге бару ойда болған жоқ. Мексикадан, Нью-Йорктегі Перу елшілігінен визаны жасатамын деп ойладым. Мен бірнеше ай бұрын хат жазып осы мәселені анықтағанда Қазақстан азаматтары Перу визасын тек Мәскеуден жасататынын білдім. Перудің Мәскеудегі елшілігіне құжаттарымызды жіберіп, екі апта күттік, ешқандай хабар болған жоқ. Осыдан кейін виза жасату үшін Мәскеуге баруымызға тура келді.
– Африкаға жол түсті ме?
– Азия, Еуропа, Солтүстік, Оңтүстік Америка континеттерінде болғанмын. Африкаға барып көрген жоқпын, тіпті қазіргі танымал туристік орын Мысырға да жол түскен жоқ. Африканы солтүстігінен бастап оңтүстігіне дейін аралап шығуды жоспарлап отырмын. Бүкіл мемлекеттерді аралап, үш айлық саяхат жасау ойымда бар. Алайда осы саяхатқа баруға жұбайым жүрексініп отыр. Африкада Мысыр, Марокко сияқты тарихы бай мемлекеттер, Танзаниядағы Килиманджаро ең биік шыңына, Занзибар аралына, сафари мен Виктория сарқырамасы, Мадагаскар аралы сияқты керемет жерлерге барғым келеді.
– Сізге өте ұнаған, таңғалдырған және керісінше көңіліңізді қалдырған елдер тізімін атай аласыз ба?
– Мен аралаған 40 мемлекеттің барлығы ұнады деп айтуға болады. Себебі мен өзімнің санама ешқандай шек қоймаймын. Қай елге барсам да, маған қызық. Мәселен, Душанбе қаласына барғанда өте әдемі көріністерді көрдім, таулары да керемет, тағамдары да тіл үйіреді. Кез келген елге барарда бәрі ұнайды деген көзқарасты ұстанамын, саяхат мінсіз болуы керек деген нәрсе жоқ. Осы мемлекеттердің ішінде ұнағаны Индонезияның Бали аралы болды. "Жұмақ арал" деп айтуға келмейді, себебі тұрғындары өте көп. Бір қарағанда аумағы жағынан кішкене болып көрінгенімен, шынымен де үлкен арал және өте әдемі, ал Үнді мұхиты көздің жауын алады. Түрлі балықтардың дәмін татуға, екі-үш жанартауға көтеріле аласыз.
Одан кейін Азиядағы Непал деген кішкентай мемлекет бар, Гималай және басқа да тауларымен ерекшеленеді. Осы елде бір ай болдық. Аннапурна тау сілемі мен Эверест шыңында альпинистердің лагеріне жаяу барып келдік. Тауды жақсы көретіндерге Непалға бару керек деп ойлаймын.
Маған ұнаған тағы бір ерекше мемлекет Норвегия болды. Мұнда адам мен табиғаттың үйлесімділігін көресіз: Троль тілі, Прекестулен, Фьорд, Гейрангер (қала шетінде орналасқан аймақ) сияқты тамаша көріністерге толы. Солтүстіктегі Лофотен аралына дейін жеттік. Жалпы Норвегия жап-жасыл мемлекет екен.
Одан бөлек, Перудегі Мачу-Пикчуді қатты ұнаттым. Жалпы мен заманауи әлемнің жеті кереметінің алтауында болдым. Үндістандағы Тадж-Махал, Йорданиядағы Петра, Мачу-Пикчу, Римдегі Колизей. Ұлы Қытай қорғанын ғана көру қалды.
– Елдің мәдениетін толықтай түсіну үшін саяхатта не нәрсе маңызды?
– Елдің мәдениетін түсіну үшін шектеулер қоймау керек. Сол ел туралы, мәдениеті, халқы жайлы негативті ойламаған жөн. Өзіңіз көрген соң ғана ой түйесіз, пікір қалыптастырасыз. Сапардың алдында саналы түрде жан-дүниеңіз ашық болуы керек.
Елдің мәдениетін тереңірек түсінуге тағы бір лайфхак - үлкен қонақ үйлерге тоқтамау. Көбіне үй иесі өзі жұмыс істейтін кішкене қонақ үйлер болады, сондай жерде тұру арқылы үй иесімен жиі сөйлесіп, араласуға, елді тануға мүмкіндік бар.
– Саяхаттауды енді бастағандарға беретін 5 кеңес..
– Ең бастысы, арман қуып жүре бермей, саяхатты жақын тұрған қаладан, аймақтан бастай беріңіз. Астана маңында Қорғалжын қорығы, Бұйратау ұлттық табиғи паркі сияқты жерлерге шығуға болады. Шет мемлекетке ағылшын тілін білмесеңіз, орыс тілін түсінетін Украина, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия және т.б мемлекеттерге баруға болады.
Одан кейін, әуе билеттерін алдын-ала алып қою керек, сонда неғұрлым арзанға түседі. Үлкен қонақ үйлерге қарағанда кішігірімдеріне тоқтаған жөн. Туристік маусым алдында немесе біткен соң сапарға шықсаңыз, адамдар аз уақытқа жолыңыз түседі. Шетелге шыққанда роуминг қостыру арқылы картадан баратын жерлеріңізге оңай жете аласыз. MAPS.ME картасы оффлайн істейді, кез келген қалада оны қолдана берсеңіз болады.
– Қазіргі әлемдегі ахуалға байланысты туризм елде өте өзекті болып отыр. Оны қай бағыттан бастаған жөн? Отандық туризмді қалай дамытуға болады?
– Пандемия салдарынан көп адам сыртқа шыға алмай қалды. Қазір тіпті Қазақстанның өзінде қай өңірге бара алатынымыз белгісіз болып отыр. Соңғы жаңалықтарға сәйкес, Баянауыл курорты жабылды. Туризмді дамыту үшін сапалы жолдар салу керек, бірақ оған қанша уақыт кететіні белгісіз. Мәселен, Алакөлге баратын жол өте нашар, Алматы мен Астананың жол сапасы да төмен. Ел ішіндегі әуе, пойыз билеттердің бағасын кез-келген ортанқол қазақстандықтың қалтасы көтеруі тиіс. Жататын орындар стандарттарға сай болып, қызмет көрсету сапасы өсуі тиіс. Сонда қазақстандықтар ел ішінде жиі саяхаттайтын болады.
Одан бөлек, табиғатты ластамауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп есептеймін. Туристердің салдарынан табиғатымыз зардап шегіп жатыр.
– Сізге саяхат не береді, алда қай жерге сапарға шығу жоспарда бар?
– Ең бастысы саяхат - бұл әсер алу. Қай мемлекетке барсаңыз да, Қазақстанның басқа облысына шықсаңыз да, жаңа әсер аласыз.
Осы жылға көп жоспар болған. Соңғы жағдайға байланысты жоспарлар орындалмай қалды. Жыл сайын наурыз тойлауға Өзбекстанға барамыз. Осы жолы да Өзбекстанға сапар жоспарланып еді, ал мамыр айында Маңғыстауға және Әзірбайжанға тур ұйымдастырмақ болдым. Сондай-ақ, осы жылға Еуропаны көлікпен аралау жоспары да болған. Қазақстанның басқа да облыстарын аралап шығып, жаңа табиғи жерлерді көремін деп отырмын.
– Саяхаттауды сіз сияқты жаны сүйетіндер сіздің сапарларыңыз туралы қайдан оқи алады?
– QazaqGeography географиялық қоғамында әртүрлі барлау экспедицияларын ұйымдастырып, жаңа туристік жерлерді ашамыз. Онымен бөлісеміз, карталарын жасаймыз. Өзімнің Travelblog.kz инстаграмдағы блогымды жүргізгеніме алты жыл болды. Мұнда Қазақстанда және әлемде қай жерлерге бару керектігі жөнінде түрлі лайфхактармен бөлісемін, Қазақстанның ішінде саяхаттауды насихаттап жүрмін. Facebook-те "Путешествуем по Казахстану" тобын жүргіземін, онда кез келген турист өзінің тәжірибесімен бөліседі, осы арқылы саяхатқа қызығушылықты арттырамыз.
– Қазақстанда саяхаттау бәрі ойлағандай қымбат па?
– Саяхаттау әртүрлі болады. Экотуризм жайлы айтатын болсақ, белгілі бір бағытпен шатыр көтеріп, өз тамағыңызды өзіңіз пісіріп алып жүрем десеңіз, мұндай саяхат мүлде қымбат емес. Студенттерге де, жалақысы орташа адамдарға қолжетімді болатындай саяхаттауға болады. Ал енді жайлылықты жақсы көретін адамдарға әрине, қымбат түсуі мүмкін. Себебі Қазақстан ішінде арзан емес жерлер де бар.
Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
