Әлемдік ТОП-500 жоғары оқу орындар тізіміне қай қазақстандық университеттер кірді
Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында Қазақстанның қай университеті әлемнің ТОП-200 жоғары оқу орнына кіргенін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, биыл Қазақстанның 16 университеті QS халықаралық рейтингісіне қатысты.
"QS рейтингісіне қатысудағы 9 жыл ішінде оң динамика байқалады. Егер 2013 жылы 8 жоғары оқу орны қатысса, бүгінде олардың саны екі есе өсті. 2022 жылы аталған рейтингіге 16 қазақстандық ЖОО кірді. Оның ішінде топ-500 құрамына 5 ЖОО кіріп отыр. Олар: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Қ.Сатбаев атындағы ҚазҰҒТУ, ҚазҰАУ. Топ 200-ге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кірді. 2021 жылы ол 175 орынға, 2022 жылы 150 орынға ие болды. Рейтингіге қатысатын жоғары оқу орындары санының тұрақты өсу үрдісін байқап отырмыз", - деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар Саясат Нұрбек Қазақстанда рейтингке қатысатын жоғары оқу орындары санының тұрақты өсу үрдісі байқалатынын атап өтті.
Ол сондай-ақ Қазақстанда білім беру процесіне әлемдік білім беру стандарттары мен озық практиканы енгізу үшін шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылатынын атап өтті.
2021 жылы De Montfort Leicester университетінің филиалы ашылды. Сондай-ақ, Петропавлда University of Arizona филиалы ашылады. ЖОО-мен ынтымақтастық шеңберінде екі дипломды білім беру бағдарламалары іске қосылады.
Ресей университеттерінің филиалдары да ашылуда. С.Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетінің базасында М. Губкин атындағы РМУ филиалы ашылады. Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында "МИФИ" Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылады.
2023 жылы Астанада Michigan State University филиалын ашу жоспарлануда.
Бұған дейін Саясат Нұрбек Қазақстанда студенттердің шәкіртақысын артатынын айтқан болатын. 2025 жылға дейін бакалавриат студенттерінің стипендиясы тағы екі есеге, магистранттар мен докторанттарға – 1,5 есеге артады.