Әлемдегі ең үздік жас химик: Қазақстандық оқушылар халықаралық пәндік олимпиадада медаль иеленді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Қазақстандық оқушылар халықаралық деңгейде өткен IChO-2025 олимпиадасында төрт медаль жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқушылар арасындағы ең беделді халықаралық пәндік олимпиадалар басталды. Атап айтқанда, IChO, IPhO, IMO, IBO, IGeO, IOL, IOІ. Халықаралық химия олимпиадасына Қазақстанның атынан қатысқан төрт оқушы да жүлдемен оралды. Оның екеуі – алтын медаль.
Олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік додада Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушы тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кирилл Ким — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
Абылай Кабдулхадыр — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
Еңлік Бақытбекова — Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
Аңсар Жақсылықов — Ақтөбе облысындағы "Білім-инновация" лицейінің 10-сынып оқушысы.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткен:
Санжар Бегдаир – Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;
Ринат Илюсизов – бірнеше мәрте халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы.
“Бұл жеңіс – жас буынның жарқын болашағына жол ашатын берік негіз деп сенемін. Жетістіктеріңіз еселене берсін, алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де талапты азамат болып өсулеріңізге тілектеспін”, – деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Айта кетейік, оқу-ағарту министрлігіне қарасты “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, ұлттық құрама бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, биылғы оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп үлгерді.
Еске салайық, бұған дейін 5,5 млн сыйақы алған халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздары жеңіс жолындағы қиындықтарын айтып берген еді.