Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемде жаһандық жылыну мерзімінен бұрын басталып кетті

Ғалымдардың пайымдауынша, әлемнің көптеген аймақтарында ауа райының күрт өзгеруі мерзімінен бұрын болып жатқан жаһандық жылынудың салдары, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап. 

Климат индустрияға дейінгі деңгейден Цельсий бойынша 1,2 градусқа дейін жылынған және жылуын жалғастырады.

Сібір мен Америка Құрама Штаттарындағы орман өрттері, сондай-ақ Батыс Еуропадағы су тасқынының жиі болуы апаттың негізгі белгілерінің бірі. Бұл апаттардан бөлек тек шілде айының соңғы аптасында су тасқыны салдарынан Қытайдың Хэнань провинциясында 380 мың адам эвакуацияланды, Шығыс Африка Угандадағы 30 ауыл зардап шекті, Үндістанның Мумбай мегаполисінде 164 адам қайтыс болды. Сонымен қатар қазір Түркия мен Солтүстік Америкада өте жоғары температура байқалады, ал Бразилия мен Африканың оңтүстігінде бұрын-соңды болмаған суық болып жатыр. 

Финляндия бұрын -соңды болмаған ең ұзақ жылу тіркелді. 31 күн бойы ауа температурасы Цельсий бойынша 25 градустан төмен түспеді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары ыстықта жедел жәрдем бөлмелері толып жатқанын хабарлады. Финляндия денсаулық және әл-ауқат институтының зерттеушісі Вирпи Колланус ұзақ уақыт бойы созылатын аптап ыстық, әсіресе қарттар арасында бірнеше жүздеген қосымша өлімге әкеледі деп қорқады. Ал Иранда ондаған жылдардағы ең ыстық жаз су тапшылығына әкелді, бұл елдің оңтүстік-батысында наразылық туғызды. 

Бұл табиғи апаттардың бәріне ортақ бір нәрсе бар – жаһандық жылыну. Неміс метеорологы Йоханнес Кваастың айтуынша, климаттың парниктік газдар шығарындысына әсері бірден байқала бермейді. Біз көріп отырған қалыптан тыс температура мен онымен байланысты ауа райы құбылыстары атмосфераға бірнеше ондаған жылдар бұрын енген шығарындылардың нәтижесі болып табылады.

Кваас 2050 жылға қарай әлемде шығарындылар нөлге жетсе де, планета климаттық тепе-теңдікке жеткенше жылуды жалғастырады деп есептейді. Ғалымдардың есептеуі бойынша, ғасырдың соңына қарай климат индустрияға дейінгі деңгейден 1,5-2 градусқа жылы болады. 

Парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша әлемнің барлық елдерінің бірлескен әрекеті адамзатты жаһандық жылынудың жойқын әсерінен құтқаруға көмектеседі. Сарапшылар көміртекті тікелей жинау мен сақтау жүйесін орнатуды ең тиімді және сонымен бірге ең қымбат әдіс деп атады.

Талқылау