Әлем чемпионының анасы: Төреші Қайратымның қолын көтергенде, төбем көкке екі елі жетпей қалды
Бокстан әлем чемпионы атану кез келген спортшының басына бұйыра бермейтін бақ. Гамбург төрінде қазақтың әнұранын әуелетіп, көк туын биікте желбірету бақыты жерлесіміз Қайрат Ералиевке бұйырды.
Қуаншыты хабарды ести сала ол туып өскен ауылға, қара шаңырағына қарай жолға шықтық… Анасы Гүлзада Құдайбергеновамен сұхбаттасып, Қайраттың қандай бала болғанын біліп қайттық, деп жазады Оңтүстік Қазақстан газеті.
– Қайрат өте қайсар, айтқанынан қайтпайтын бала болып өсті. Жеті ұлымның кенжесі еді. Бойы өте кішкентай-тын. Соған қарамастан спортқа қызығып, түрлі үйірмелерге қатысып жүрді. 11 жасында Қайрат оқитын мектепте бокс үйірмесі ашылып, ол соған бара бастады. Үйде жүрсе де, көшеде жүрсе де алдынан кезіккен затты қолмен ұрып, өзінше жаттығу жасап жүретін. Әкесі марқұм да оның спорт саласын таңдағанын қалады. Алғашқы бапкері Абай Қаратаевтың қол астында жүріп, көп нәрсе үйренді. Алғашқы қатысқан жарыстары, бағындырған белестері есіңізде ме?
– Қайрат спортпен шұғылдана бастаған кез өте ауыр жылдар еді. Қаржылық қиындықтың да желкеден алған тұсы-тын. Жарыстарға қатысуына қаражат тауып беру қиынға соқты. Бапкері Абай Қаратаев «Ұлдарыңыздың талабы өте зор. Түбінде мықты спортшы шығады. Ұлдарыңыздың жолында аянбаңыздар» деп жиі айтып отыратын. Содан тапқан-таянғанымызды осы ұлымыздың жолына салып, бүгінгідей дәрежеге жетіп отырмыз. Ұлым «Мен Олимп шыңын бағындырамын, әлем чемпионы атанамын» деп жиі айтып отыратын. Сонда мен «Ұлым-ау, маған осы облыстың, елдің чемпионы болсаң соның өзі үлкен жеңіс» деуші едім. Құдай баламның тілеуін беріп, әлем чемпионы атанып отыр. Бір өкініштісі, ұлының осы жеңісін әкесі көрмей кетті. Қайрат Рио олимпиадасына аттанар алдын көз жұмды. Жауапты жарыс алдында көңіл-күйін түсірмес үшін ештеңе айтпадық. Әкесінің өлімі жайлы Олимпиададан қайтар жолда бір-ақ білді. –
«Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» дейді. Қайраттың осы әлем біріншілігіндегі жекпе-жектерін тамашалаған боларсыз?
– Әрине, ет жүрегім езіліп отырып, әрбір жекпе-жегін көрдім. Жарыс алдында «Апа, мен өз салмағымдағы нөмірі бірінші спортшы өзбек боксшысын жеңсем болды, қалған қарсыластарымды оңай ұтамын» деген еді. Ұлым сөзінде тұрып, өткен жылғы өзбекстандық қарсыласында кеткен есені қайтарды. Сол жекпе-жекті көріп отырып, ұлыма тиген әрбір соққы менің жүрегіме қанжардай қадалды (көзіне жас алып). Төреші Қайратымның қолын көтергенде төбем көкке екі елі жетпей қалды. Көшеге атып шығып, ұлымның атын айтып айқайладым. Жаратқан ием қолдап, ұланым қалған қарсыластарының бәрін ұтты. Елдің, халықтың мерейін үстем етті. Ендігі арманым – сүт кенжем Қайратымды үйлендіріп, аяқтандыру.
Тағы да оқыңыз:
Шымкенттіктер Әлем чемпионатында жеңiспен оралған боксшыларды әуежайдан күтіп алды
ЧЛ: Қазақстан құрамасы Польшадан да 3:0 есебімен ұтылды
11 жасар қазақ баласы бөтелке үстінде тұрып кеуде көтеруден рекорд орнатты (видео)