Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлем ыстықтан шаршады: АҚШ пен Қытайда ауа температурасы 50 градустан асты

Әлемде бірнеше ел ауа райының қалыптан тыс ыстық болуынан зардап шегуде. Еуропаның оңтүстігі, АҚШ пен Қытайда температура 50 градустан көтерілді. Синоптиктер аптаның ортасына дейін ауа температурасы қазіргі көрсеткіштен де жоғары болуы мүмкін екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Сәрсенбіге дейін Сардинияның оңтүстігінде 46°C, Италияның оңтүстігінде максимум 43°C температура тіркеледі деп күтілуде. 

Соңғы болжам бойынша, Испанияның оңтүстігінде максималды температура 46°С, Францияның оңтүстігінде 40°С жетеді.

Америка Құрама Штаттарының оңтүстік-батысында да аптап ыстық байқалуда. Метеорологтар алдағы уақытта 38 қалада температура рекорды жаңаруы мүмкін екенін ескертті.

Ұлттық ауа райы қызметінің мәліметінше, жексенбі күні Невада штатының Лас-Вегас қаласында температура 46,6°C-қа жеткен. Осы аптада 45°C-қа дейін төмендеуі мүмкін дейді. 

Аризона штатының Феникс қаласында ауа температурасы рекордтық 47,2°С-қа дейін көтеріледі деп күтілуде.

Өткен жексенбіде Калифорнияда температура 53,9°С жетті. Мұндай ыстық температура Калифорнияда соңғы рет 1911 жылы тіркелген. Ол кездегі көрсеткіш 56,7° болған. 

Қытайда жексенбі күні ел тарихындағы ең ыстық температура тіркелді. Шыңжаң провинциясында ауа температурасы 52,2°C-қа дейін көтерілді. 

Ал, Оңтүстік Кореяда ауа райының қолайсыздығынан нөсер жауып, көшкін мен су тасқыны орын алса, Жапонияда кем дегенде 60 адам аптап ыстықтан зардап шекті. Жапон аралдарында рекордтық температура 2018 жылы (41,1°C) Кумагая қаласында тіркелді. Осы жазда бұрынғы рекорд жаңаруы мүмкін.

Аптап ыстық тамыз айына дейін жалғасады

БҰҰ-ның мамандандырылған бөлімшесі, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМО) Жерорта теңізі аймағында қалыптасқан аптап ыстық осы аптаның ортасында күшейіп, тамыз айына дейін жалғасатынын ескертеді.

Келесі аптада Мароккода ауа температурасы 49°C-қа дейін көтерілуі мүмкін.

Әскери-теңіз күштері Оңтүстік Еуропада байқалған төтенше температура Солтүстік Африкадан келгенін мәлімдеді. 

Үйсіздерге аптап ыстықтан қорғану үшін баспана салынды

Мадрид көшелері күннің қатты ысуына байланысты бос қалды.  Испания астанасының әкімдігі ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс істеу ережесін өзгертті. Яғни, 14:00-ден 17:00-ге дейін көшелерді тазалауды тоқтатты. Сонымен қатар, кондиционері жоқ көліктермен жүруге тыйым салды.  

Қала билігі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мен үйсіз-күйсіз адамдарды аптап ыстықтан қорғау үшін арнайы баспаналар салды.

Болжам бойынша, жақын арада Мадридте ауа температурасы 41°С-қа дейін көтерілуі мүмкін.

Орман өрттері

Қатты аптап ыстық адам денсаулығына ғана қауіп төндірмейді. Сонымен қатар орман өрттері сынды табиғи апаттарға әкелуі мүмкін.

Грекияда Афинадан 27 шақырым жерде орналасқан Куварас ауылының маңында өрт шықты. Грекия билігі алапат отты сөндіруге 150 өрт сөндіруші, 40 өрт сөндіру машинасы және 11 ұшақ қатысып жатқанын хабарлады. Олардың жұмысына ыстық жел кедергі келтіруде.

"Бұл алапат өрт. Ал жел өте қатты соғуда. Жылдамдығы 60 км/сағ жетеді", - деді өрт сөндіру бөлімінің өкілі Джаннис Артопиос. 

Екінші орман өрті Грекияның оңтүстігінде, Афинадан батысқа қарай 81 шақырым жерде, теңіз жағасындағы Лутраки курортының маңында басталды. Лагерьлерде демалып жатқан 1200 баланы қаладан көшіру туралы шешім қабылданды.

Балқандағы аптап ыстық

Балқан түбегінің батысында жақын арада ауа температурасы 40°С-тан жоғары көтерілуі мүмкін. Сербия билігі аптап ыстыққа байланысты бүкіл елге ескерту жариялады.  

Көршілес Солтүстік Македония үкіметі алдағы жеті күнге төтенше шаралар енгізді. Жүкті әйелдер мен 60 жастан асқан адамдарға жол жүруге тыйым салынды. Ұлттық саябақтарға кіру де шектелген. 

Талқылау