Алексей Цой коронавирус пен пневмонияның жаңа статистикасымен бөлісті
Алексей Цой коронавирус пен пневмонияның жаңа статистикасымен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қиын кезең артта қалды деп айтсақ артық болмас. Қазақстанда наурыз айынан бері 92662 адамнан індет анықталды. Оның ішінде 30 мыңға жуық науқас емделуде, қалғаны жазылып шықты. Өкінішке орай 1058 адам қайтыс болды. Бүгінде коронавирус жұқтырғандар саны едәуір азайып келеді. Ауруханаларда дәрі-дәрмектер жеткілікті. Коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар үшін 52 мың төсек бар", - дейді Цой.
Сонымен қатар, министр не себепті статистиканың 1 тамыздан бастап қана есепке алынып жатқанын түсіндірді.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесімен біз 2020 жылдың 1 тамызынан бастап КВИ мен пневмония бойынша статистиканың біріктіру туралы шешім қабылдадық. Көп адам ДДСҰ бұл туралы 18 шілдеде хабарласа, Қазақстан статистиканы неліктен 1 тамыздан бастағалы жатыр дейді. Себеп мынада: бізге кодировка мен пациенттерді тіркеу жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ету алгоритмін әзірлеу үшін, қазіргі ақпараттық жүйені баптап, жаңа мәліметтерді енгізу үшін персоналды дайындауға екі аптаға жуық уақыт керек болды. Бұл өте күрделі әрі көп күшті талап ететін шаруа. Біздің алдымызда аз уақыттың ішінде дәрігерлерді коронавирус пневмониясының белгілерін анықтап, оны есеп жүйесіне тіркеу міндеті тұрды. Біз бұл жұмысты атқардық. Ендігі кезекте ДДСҰ-ның соңғы стандарттарына сәйкес науқастардың бәрін тіркеуге дайынбыз", - дейді Цой.