"Алданып қалғанымды ұлым айтты": Оралда алаяқтар массаж жамылғысын бірнеше есе қымбат бағаға сатқан
Орал тұрғындарына алаяқтар массаж жамылғысын өз бағасынан он есе қымбатқа сатқан. Кейбірі сатушы сипаттаған "керемет тауарды" сатып алу үшін несие де рәсімдеген. Қазір 70-тен аса адам өздерінің шығынға батқандарын айтады. Алайда полицейлер сатып алушылар қаржыны өздері апарып бергендіктен, "Алаяқтық" бабы бойынша жауапқа тарта алмайтынын мәлімдеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап.
Ғанмирхан Төреғалиевті презентацияға телефон арқылы шақырған. Презентация қонақтарына лотереяға қатысуға ұсыныс білдірген. Осылайша ер адам "керемет тауарға" жеңілдік ұтып алыпты. Бірақ қалтасында 700 мың теңге болмағандықтан, ұйымдастырушылар оған несие рәсімдеуге көмектескен.
"Айналаңның бәрі сыйлықтар. Олар несие алыңыз деді. Қайдан аламын деп сұрап едім. Телефонда қосымша бар екенін айтты. Ақшаны бердім, келісімшартқа қол қойдым. Олар мені таксимен үйге дейін жеткізіп тастады. 20 минуттан кейін жұмыстан ұлым келіп, мені алдап кеткенін айтты. Сөзінше, дүкенде мұндай жамылғы 70 мың теңгеге сатылып жатыр екен", – деді Орал тұрғыны Ғанмирхан Төреғалиев.
Дәл осы сценарий бойынша қаланың ондаған тұрғыны алданып қалған. Ұйымдастырушылар адамдардардың сеніміне кіріп, сыйлықтардың көп екенін айтқан. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері массаж жамылғысын сататындардың аймақта осымен үшінші жыл жұмыс істейтінін айтады. Компания Алматыда тіркелген. Алайда іс сотқа дейін жеткенде, Оралға ресейліктер келген. Анықталғандай, негізгі кеңсе Мәскеуде орналасқан.
"70-ке жуық тұтынушыға 33 миллион теңге көлемінде қаржыны қайтарып бердік. Сонымен қатар “Айсап” компаниясының 10-нан аса тұтынушысына, мүмкіндік болса, қаржыны қайтарамыз. Бұл осы жылда ғана. Аталған компанияның жұмысшылары психологиялық қысым жасаудың жолдарын біледі. Сондықтан алданып, тауарды сатып алған адамдарды да айыптауға болмайды", – деді БҚО Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова.
Массаж жамылғыларын жүкті әйелдерге, қатерлі ісігі бар және жүрек ауруы бар адамдарға, гипертонияға шалдыққандарға қолдануға болмайды. Дегенмен таныстырылымға негізінен зейнеткерлер қатысқанымен, бұл туралы айтпайды екен. Кейбіріне несиені 5 жылға рәсімдеген. Зардап шеккендер полицияға шағым түсірген. Алайда олар азаматтық сотқа бағыттапты. Себебі сатып алуға өз еріктерімен келіскен.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
