Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алдағы уақытта әлемдік нарықта доллардың нығаюы күтіледі – Ұлттық банк

Ұлттық банк теңге бағамына қатысты болжамын жариялады. Ведомство мәліметінше, алдағы уақытта әлемдік нарықтың доллардың нығаюы күтіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Доллар

"АҚШ ФРЖ басшысының Джексон-Хоул симпозиумында сөйлеген сөзінен кейін әлемдік валюта нарығында АҚШ доллары позициясының бұдан былай да нығаюы мүмкін деген болжам қалыптасты. АҚШ реттеушісі әзірге мөлшерлемелерді арттыру қарқынын төмендетудің қажеті жоқ екенін білдірді, бұл АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюын жалғастырып, дамушы нарықтардың валюталарына кері әсерін тигізуі мүмкін", – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметіне сәйкес, тамызда теңге бағамы 472,29 теңгеге дейін немесе 1%-ға нығайған. 

"Экспорттаушылардың тоқсандық салық төлемдері үшін шетел валютасын сатуы теңгенің айырбастау бағамының қалыпты нығаюына ықпал етті. Осылайша ішкі факторлардың валюта нарығына көбірек әсері болды", – деп қосты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова. 

Алдын ала деректерге сәйкес, тамыз қорытындысы бойынша Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 500 млн АҚШ долларына ұлғайып, 53,8 миллиард долларға жеткен. 

"Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер түрінде 384 млрд теңге бөлінді. Трансферттердің негізгі бөлігі қорға шамамен 338 млрд теңгені құраған теңгедегі түсімдер есебінен, сондай-ақ Ұлттық қордың теңгелік шотындағы қалдық есебінен бөлінді. Осылайша бұрын көрсетілгендей, өткен айда Ұлттық Банк Ұлттық қордың валюталық активтерін ішкі валюта нарығында сатқан жоқ. Бұл ретте қорға валюталық түсімдер тамызда 1,76 млрд АҚШ долларына тең", – деп қосты Әлия Молдабекова.

Талқылау