Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алаяқтарға несие рәсімдеу қиындайды: Қазақстанда онлайн несие рәсімдеуге жаңа шектеулер енгізіледі

несие онлайн рәсімдеу

Фото: pixabay.com

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік және микроқаржылық қызмет саласына қатысты бақылауды күшейтетін жаңа қаулы жобасын дайындады. Жоба қазіргі уақытта ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құжатқа сәйкес, енді интернет арқылы рәсімделген, кепілсіз тұтынушылық несие сомасы 150 АЕК-тен (яғни 690 мың теңгеден) асқан жағдайда, қаражат келісімшартқа қол қойылғаннан кейін 24 сағат ішінде аударылмайды. Қаражат тек қарыз алушы келісімді растаған соң (мысалы, eGov порталы арқылы) ғана беріледі.

Сонымен қатар "суыту" немесе кідіріс механизмі енгізіледі. Егер бір күн ішінде азамат бірнеше микрокредит рәсімдеп, олардың жиынтық сомасы 150 АЕК-тен асып кетсе, банк немесе микроқаржы ұйымы қосымша несие беруді тоқтатуға міндеттеледі. 

Алғаш рет ірі көлемде несие рәсімдейтіндер үшін, сондай-ақ 21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан азаматтар үшін жаңа талаптар енгізілмек. Бұл санаттағы азаматтар несие шартын тек банктің немесе микроқаржылық ұйымның бөлімшесінде жеке өзі қатысып, жазбаша келісім берген соң ғана қол қоя алады.

Жаңа жобада банктік немесе микроқаржылық омбудсмен лауазымына үміткерлерге де нақты талаптар белгіленген. Енді бұл қызметке үміткерлер ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша қазақ тілін B2 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгергенін дәлелдеуі тиіс.

Назархан Уән
Дүйсенбі, 07 Шілде, 2025 08:42
Талқылау