Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Алаяқтар қорқытқан клиентіміздің 10 млн теңгесін сақтап қалдық”: Еуразиялық банктің антифрод жөніндегі басқарушы директоры телефон алаяқтығынан сақтану жолын атады

Қаржы саласындағы мамандар телефон алаяқтарынан сақ болуға шақырып, дабыл қағып жатыр. Себебі алаяқтар жылдан-жылға түрлі тәсіл ойлап тауып, қазақстандық азаматтардың ақшасын жымқырғанын тоқтатар емес. Еуразиялық банктің антифрод жөніндегі басқарушы директоры Сәуле Исабекова Stan.kz ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, қазір қандай телефон алаяқтығы түрлері кеңінен тарағанын және олардан қорғану жолын айтып берді.

–  Қазір алаяқтықтың қандай түрі кеңінен тараған?

– Алаяқтардың тұзағына түсіп, ақшасынан айырылып жатқан Қазақстан азаматы көп. Алаяқтар оларға банк қызметкерінің, Құқық қорғау органының, Ұлттық Банктің, Байланыс операторларының және тағы да басқа ресми ұйымдардың атын жамылып хабарласып, алдап, ақшасын аударып алады немесе несие рәсімдетеді. Дегенмен кейінгі кезде бұл әдістер салыстырмалы түрде сиреген.

Қазір инвестиция құюға шақыратын, тез арада байып кетуге көмектесетін жалған қаржы ұйымдары көбейген. Өкінішке қарай, аз уақытта тез байығысы келетіндер ойланбастан осындай әдістің қармағына ілініп жатыр. Алаяқтар да осал емес. Олар “Profit invest”, “Инвестиция құйып, аз уақыттың ішінде байып кет” деген сияқты көзге бірден түсетін әрі сенім ұялататын ерекше атауларды, ұрандарды пайдаланады. Өкінішке қарай, осы жалған қаржы ұйымдарына сеніп, адамдар инвестиция ретінде оларға өз ақшасын береді. Тіпті кейбірі несие алып жатады.

Тағы бір өзекті мәселе – қаржы пирамидасы. Азаматтар түрлі себеппен қаржы пирамидаларына қосылып, ақшасын береді. Мұнда да негізгі мотивация – адамдардың тез ақша тапқысы, ақшасын еселегісі келетіні.

Алаяқтықтың тағы бір кең тараған түрі – нарықтағы бағадан өте арзанға сатылатын тауарлар. Алаяқтар сайт құрып, онда түрлі тауарды арзан бағада ұсынады. Олар қызметі шынайы көрінуі үшін тауарлардың суретін жариялап, жалған пікірлер жазып, адамдарды сендіреді. Әрине, кейбір адам “мен 2000 теңгеге шәйнек алдым, маған әкеп берді ғой” дейді. Иә, алаяқтар адамдарды шатастыру үшін сіздің шәйнегіңізді әкеліп беруі мүмкін. Дегенмен көлік сияқты қомақты тауарға келгенде, алдап-соғуы ықтимал. Сол себепті құны нарықтағы бағадан өте төмен тауарды сатып алмай тұрып, әбден ойланып, тексерген жөн.

Қазір өршіп тұрған мәселенің бірі – азаматтардың өзге біреуге қарызға ақша беретіні немесе өз атынан басқа адам үшін несие алатыны. Бұл телефон алаяқтығына жатпайды, дегенмен өзге адамға, танысына қарызға ақша беріп, кейін оны қайтара алмай, полицияға хабарласатындар көп. 

– Көбіне кімдер алаяқтардың құрбанына айналады?

– Жоғарыда айтқанымдай, телефон арқылы түрлі органның атынан немесе “Қызыңыз жол апатына түсті. Ота жасау үшін дереу ақша аударуыңыз керек” деп көбіне егде жастағы адамдарға хабарласады. Себебі осы әдіс арқылы үлкен кісілерді алдау оңай. Ал жастар көбіне интернетті пайдаланып, онлайн сауда жасағанда интернет алаяқтардың құрбанына айналады.

Оған қоса қазір 18-23 жас аралығындағы жастар арасында “дропперлік қызмет” танымал. Бұл – өте қауіпті әрі заңсыз іс. Дроппер – өзіне қатысы жоқ ақшаны банк картасы арқылы қолма-қол ақша етіп шығарып беретін немесе үшінші бір тарапқа ақшаны аудару үшін банк картасын, реквизитін, шотын өзгеге қолдануға беретін адам. Алаяқтар заңсыз алынған ақшасын өз шоттарына аудару үшін ортада делдал етіп дропперлерді пайдаланады. Кейбір адам саналы түрде дроппер болса, енді біреулер бұл әрекетінің қауіпті екенін түсінбей жатады. Әдетте дропперлерге ақша аударып бергені үшін ақысы ретінде белгілі бір бөлігін береді. Дегенмен мына нәрсені ескерген жөн: ертең ол ақшаның ұрланған екені белгілі болса, оған сол дроппер қызметін көрсеткен адам жауапты болады. Ол құқық қорғау органдарына ақшаның қайдан келгенін, қайда, не себепті аударғанын және бір бөлігін неге өзіне алып қалғанын дәлелдеуге тиіс. 

2024 жылдан бастап елімізде алаяқтарға қарсы жүйе, антифрод іске қосылды. Бұл – банкке, Ішкі істер министрлігіне, байланыс операторларына алаяқтыққа қатысы бар істің бәрін тіркеуге, деректерді жинауға мүмкіндік беретін платформа. Оған қоса мұнда осы күнге дейін дроппер қызметін көрсеткендердің тізімі бар. Мұндай адамдардың әдетте шоты бұғатталады. Сонымен бірге қазір елде дроппер қызметіне қатысты Қылмыстық іс ретінде қозғау мәселесі қозғалып жатыр. Сондықтан жастарға өзге біреудің ақшасын аудармауға, шығармауға кеңес береміз. 

– Алаяқтар психологиялық тұрғыдан қалай шабуыл жасайды?

– Алаяқтар адамды алдап, оның ақшасын иемдену үшін психологиялық шабуыл жасайды. Әсіресе, оларға қорқыныш, үрей, уайым сияқты сезімдерді тықпалап, ойлануға уақыт бермей, тез шешім қабылдатады. Мәселен, бірде біздің банктің бөлімшесіне 60 жастан асқан клиент келіп, ұзақ уақыттан бері депозит шотында жинаған шамамен 10 миллион теңгесін шешіп алмақ болды. Банк менеджері клиенттің сол сәттегі өзін-өзі ұстауына, мінез-құлқына мән беріп, не себепті ақшасын алғысы келетінін сұраған. Клиент жауап беруден бас тартқан. Менеджер бөлімше басшысын шақырып, екеуі бірге сөйлесіп көрген. Бірақ еш нәтиже болмаған. Кейін қауіпсіздік қызметін, тіпті полиция департаментін шақырған. Содан кейін ғана клиентке үш күннен бері алаяқтар Ұлттық қауіпсіздік комитеті атынан “Алаяқтардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сіз тергеу жұмысына көмектесуіңіз керек. Мына шотқа ақша аударып, көмектеспеңіз, сіздің және туыстарыңыздың үстінен қылмыстық іс қозғалады” деп хабарласқанын білдік. Осы жағдайды талдайық. Біріншіден, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) қарапайым Қазақстан азаматының тергеу ісіне көмегі керек болса, оны бөлімшесіне, кеңсесіне шақыратын еді. Екіншіден, ҰҚК, Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер үшінші бір тарапқа ақша аударуды сұрамайды. Бұл – заңсыз әрекет. 

Енді бір алаяқтар “сіздің шотыңыздан террористерге ақша аударылды. Енді сіз террористік ұйымға қатысы бар болып саналасыз. Мәселені шешу үшін ақша аударыңыз” дейтіндер бар. Мұндай кезде адам есеңгіреп, не істерін білмей, алаяқтың айтқанын тез-тез орындап кетеді. Сол себепті уайымға салынбай, асықпай ойланып шешім қабылдау керек.

Сонымен қатар алаяқтардың “аз уақытта байып кет, қомақты қаржыға ие бол” деп шақыруы да – психологиялық шабуыл. 

– Алаяқтардан қорғану үшін не істеу керек?

– Танымайтын, бөтен нөмірден қоңырау шалса, жауап бермеңіз. Сізді танитын, шынымен бір жұмыс немесе мәселе бойынша іздеген адам, хат жазып, сізбен байланыс орнатудың басқа әдісін табады. 

Телефоныңызды үнемі жаныңызда ұстаңыз. Қазір адамның жеке басына қатысты деректің бәрі смартфонында бар. Оған қоса әдетте несие рәсімдеу сияқты маңызды әрекеттер істегенде адамның телефонында тұрған нөмірге смс коды келеді. Оны ешкім көрмеуге тиіс. Кейде алаяқтар алыстағы емес, жаныңыздағы адам болуы мүмкін. Сол себепті кез келген адам өз смартфонын жанында ұстап жүргені дұрыс.

Ешкімге телефон арқылы банк картаңызға, өзіңізге қатысты деректі айтпаңыз. Банк қызметкерлері, құқық қорғау органдары, egov қызметкерлері және тағы да басқа ресми ұйымдар адамның карта нөмірін, картаның артындағы CCV кодты – үш санды, телефон нөміріне келген sms хабарламаны сұрамайды. Оны ешкімге айтуға болмайды. 

Біреудің нұсқауымен несие алмаңыз. Жақында біздің банк бөлімшесіне егде жастағы клиент келіп, ұзақ уақыттан бері депозитінде жинаған 3 000 000 теңгесін шешіп алғысы келетінін айтты. Банк қызметкерлері не себепті ақшасын шығарып алғысы келетінін сұрады. Алғашында клиент мән-жайды түсіндіргісі, ашып айтқысы келмеді. Дегенмен кейін “Құқық қорғау органдары хабарласып, қызымның жол апатына түскенін айтты. Дереу ота жасату үшін ақша аударуым керек” деді. Біздің қызметкерлер алаяқтар хабарласқанын бірден түсінді. Клиентке ақшаны шешіп, оны аудармай тұрып, әуелі қызына хабарласуға көндірді. Қызының жұмыс орны банк бөлімшемізден бес минут алыс жерде ғана орналасқан екен. Банк бөлімшесіне келгенде ата-анасы таңғалып, алаяқтарға алданып қала жаздағанын түсінді. Бұл – шын болған оқиға. Дәл осылай қорқытып, несие рәсімдетіп жіберетіндері де бар. 

Алаяқпен сөйлесіп тұрғаныңызды білсеңіз, ұзақ сөйлеспеңіз. Сізге хабарласқан алаяқ екенін немесе жағдайдың қай арнаға кетіп бара жатқанын түсінсеңіз, бірден тұтқаны қойып тастаңыз. Себебі алаяқтар алғашқы 3 секундта-ақ сіздің сеніміңізге кіруге тырысады. Ал алаяқ па әлде шын банк қызметкері ме – кімнің хабарласқанын ұқпай тұрсаңыз, әңгімесіне мән беріңіз. Қазақша сөйлеп көріңіз. Әдетте кейбір алаяқтар қазақ тілінде сөйлей алмайды. Банк қызметкері ешқашан картаңыздың нөмірін сұрамайтынын, несие рәсімдеуді, ақша аударуды талап етпейтінін есте сақтаңыз. Ақшаңыз үшін уайымдасаңыз, тұтқаны қойып, банк бөлімшесіне өзіңіз хабарласып көріңіз.

Тексермей тұрып, ақша аудармаңыз. Қазір алаяқтар адамдардың мессенджерін де бұзып алып, олардың атынан таныстарына хат жазып, ақша сұрайды. Сол себепті танысыңыз өз нөмірі арқылы жазып, ақша сұрап тұрса да, аса қырағы болыңыз. Көмектескіңіз келсе, оған хабарласып, шынымен де өзі сұрап-сұрамай жатқанын біліп алыңыз. 

Өзіңізге несие алуға шектеу қойыңыз. Қазір egov.kz арқылы белгілі бір уақытқа дейін өзіңізге несие алуға шектеу қоя аласыз. Осы функцияны қоссаңыз, алаяқтар қанша дерегіңізге ие болса да, қанша тырысса да, несие рәсімдей алмайды.

– Адам алаяқтарға алданып, ақшасын аударып жіберсе, оған банк жауапты бола ма?

– Клиенттің ақшасы басқа біреудің шотына аударылса, алаяқтық белгілері байқалса, банк бұл мәселені сотқа дейін де, сот кезінде де қарастырады. Сот шешімі бойынша, банк жауапты саналса, клиентке қаржысын қайтарып береді. Банк мұндай жағдайларды жіті тексереді. Себебі, біріншіден, бұл жағдай қалай болғанын түсінуіміз керек. Екіншіден, банк жүйесінің әлсіз тұсы бар-жоғын анықтауымыз қажет. Үшіншіден, мұндай жағдайдың алдын алу үшін не істеуіміз керек екенін шешуге тиіспіз. Төртіншіден, бұл – біздің жұмысымыз. Алаяқтардың айла-тәсілін талдау, оны түсіну біз үшін қызық әрі маңызды. Неге? Себебі алаяқтар күн сайын түрлі әдіс ойлап тауып жатыр. Олардың мәнін анықтасақ, келесі бір адамның қаржысын сақтап қалуға мүмкіндігіміз бар. 

Оған қоса банктер Ішкі істер министрлігімен, полиция департаментімен, Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп жұмыс істеп, алаяқтардың іс-әрекет тоқтатуға, олардың алдын алуға тырысып жатыр. 

– Алаяққа ақшасын жіберіп қойды. Енді адам не істеуі керек?

– Адам ақшасын алаяққа аударып қойғанын түсінсе, бірден банкке хабарласып, мән-жайды түсіндіруі керек. Адам жағдайды қаншалық ерте хабарлайды, соншылық банктің оның ақшасын сақтап қалуға мүмкіндігі бар. Біздің елімізде кәсіп жүргізіп, іс басқарып отырған заңды тұлғалар әдетте күмәнді аударымды байқаса, бірден банкке хабарласады. Ал жеке тұлғалар мұндай жағдайларды бірден хабарлай бермейді. Ал бұл жұмысты қиындатады. 

Мәселен, жарты жылдан бері Антифрод орталығы арқылы елдегі барлық банк тәулік бойы қызмет көрсетеді. Яғни адам қандай жағдай болcа да, алаяқтар алдаса, бірден банкке хабарлайды. Банк ақпаратты Антифрод орталығына жолдайды. Сол кезде бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігі де, басқа да банктер көре алады. Кейін олар ақшаның қайда кеткенін көріп, банктер алаяқтың шотын тез арада бұғаттауға тырысады. Кейін полиция департаменті ақшаны иесіне қайтарып бере алады. 

Айта кетейік, Еуразиялық банк өзінің "Менің жауабым — "жоқ" деген сөз" білім беру сипатындағы бейнероликтер сериясын іске қосты. Оның негізгі мақсаты — ақшаға қатысты мәселеде шешім қабылдамай тұрып, сыни ойлау, күмәнмен қарау, “жоқ” деп айту әдетін қалыптастыру. Видеода алаяқтардың ең жиі қолданатын әдістері егжей-тегжейлі көрсетіліп, түсіндіріледі. Мәселен, “Сізге, sms-тегі кодты хабарлау, ақша аудару немесе жеке деректерді беру өтінішімен қауіпсіздік қызметінен, огандардан, курьермін деп кез келген адам қоңырау шалса — күмәнданыңыз” деген ойды айтамыз.

Талқылау