Алаяқтар қазақстандықтарға емхана қызметкерлері ретінде қоңырау шала бастаған
Фото: stihi.ru
"Мемлекеттік техникалық қызмет" компаниясы алаяқтар қазақстандықтарға емхана қызметкерлері ретінде қоңырау шалып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қоңырау шалушылар белгілі бір күннен бастап дәрігерге жазылу мен жедел жәрдем шақыру ЖСН арқылы емес, медициналық декларация нөмірі арқылы жүзеге асады деп сендіреді. Кейін олар "декларация нөмірін" айтуыңызды сұрайды. Шын мәнінде, бұл азаматтардың DamuMed немесе eGov сияқты мемлекеттік қосымшаларға кіру үшін қажет бір реттік код. SMS арқылы жіберілген алты таңбалы кодты сұрау арқылы олар азаматтың жеке аккаунтына қол жеткізеді", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар алаяқтар коммуналдық қызметтер өкілдері ретінде де қоңырау шалады.
"Санауыштарды ауыстыру бойынша “мемлекеттік бағдарламаға” қатысу сылтауымен, соңғы ауыстыру қашан болғанын сұрап, өтінім ашқандай болады. Кейін телефонға код жіберіп, оны айтып беруіңізді сұрайды. Осылайша цифрлық сервистерге қол жеткізуге тырысады", – деп түсіндірді мамандар.
Алаяқтар "Қазпошта" немесе курьерлік қызметтердің жалған қызметкерлері ретінде де жиі қоңырау шалады.
"Салық комитетінен, мемлекеттік кірістер комитетінен, Халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе басқа мекемелерден тапсырысты хат келгенін хабарлайды. Мекенжайды нақтылап, 1414 немесе 1412 нөмірлерінен SMS жіберіп, кодты айтуыңызды немесе сілтеме арқылы өтуіңізді сұрайды. Бұл деректерді ұрлау немесе зиянды бағдарламаларды орнату әрекеті", – деп атап өтті мемлекеттік техникалық қызмет мамандары.
Мамандар мемлекеттік және коммуналдық ұйымдар телефон арқылы SMS кодтарын немесе мессенджердегі сілтемелерді ешқашан сұрамайтынын ескертеді.
Қазақстандық өтіп бара жатқан адамдардан телефон сұрап, атына несие рәсімдеген
Петропавлда мемлекеттік қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі жандарды алдап пәтер алдырып, сатқан
Еске салайық, бұған дейін алматылық ата-әже алаяқтардың кесірінен үйі мен көлігінен айырылып, қомақты сома қарызға кіріп кеткен. Қаскөйлер оларға су мен электр есептегіштерін ауыстыру қажет деп қоңырау шалып, кейін атынан несие рәсімдеген. Соңында тіпті үйін сатуға мәжбүрлеген. Егде жастағы адамдардың қызы Виктория Каширская жағдайды тілшімізге түсіндіріп берді.

"Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді": Астаналық азамат екі бүйрегі де істен шыққан әйелінің еміне көмек сұрайды
