Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Алаяқтарға жеңілдік жасалмауы керек”: Президент қажылыққа барамын деп алданып қалған 120 азаматтың мәселесіне пікір білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қажылыққа жалған квотамен аттанған ел азаматтары туралы пікір білдірді. Сөзінше алаяқ компаниялардың әрекеті еліміздің беделіне нұқсан келтіруде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: Ақорда

Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде Президент қажылыққа барамын деп алданып қалған ел азаматтары мәселесіне тоқталды. 

“Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде. Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді, кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар”, - дейді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев енді, мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесетініне тоқталды. 

“Ал Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек”, - деді Президент. 

Еске салайық, бұған дейін Сауд Арабиясына аттанған 120 азаматымыздың құжаты жалған болып шығып, сол жақта қамауға алынғанын жазған едік.

Талқылау