Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алатау бөктеріндегі тау жоталарын тегістеп тастаған": Бақытжан Базарбек алматылықтар су астында қалуы мүмкін екенін айтты

Алматы

Фото: depositphotos.com/

Алматыда тау жоталарын заңсыз бөліп алу, өзендер мен жылғаларды рұқсатсыз бітеу, Іле Алатауының бүкіл бөктеріне жаппай құрылыс салу фактілері анықталды. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек осы орайда Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдап, Алматы іргесіндегі құйқалы телімдерді түгендеуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Алматы қаласының Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандары бойынша менің мемлекеттік органдармен жазғы рейдтерімде тау жоталарын заңсыз бөліп алу, өзендер мен жылғаларды рұқсатсыз бітеу, Іле Алатауының бүкіл бөктеріне жаппай құрылыс салу фактілері анықталды. Коттедж бен элиталы таунхаустар салу үшін Алатау бөктеріндегі тау жоталарын тегістеп тастаған.  Тамыз айында мен Алматы Медеу ауданы Көк-Төбе ауданының Көлсай шағын ауданында жергілікті элитаға тиесілі 25 жер учаскесі бойынша Бас прокуратура мен алты уәкілетті органды тексеру керектігі жөнінде бастама көтердім. 80% жағдайда мал бағуға арналған алқаптағы тау бөктері тегістелген, — деді депутат

Депутат заңға енгізілген өзгеріс іс жүзінде орындалмайтынын айтты. Бақытжан Базарбек "РАМС" компаниясына тиесілі 40 қабатты ғимараттың құрылысын тоқтату үшін қаншама жанжал болғанын, 3 жыл бұрын сүріп тастау туралы шешім шығарылған "Монблан" және "Швейцария" тұрғын үй кешендері әлі бұзылмағанын да тілге тик етті.

"Мен Парламентте үш рет оларды бұзу мәселесін көтердім. Әділет министрлігі мен мемлекеттік сот орындаушылары осы істі қолға алу үшін тағы неше рет көтеруім керек?! Әділет министрлігі мен мемлекеттік сот орындаушыларының жұмысына сұрағым бар. Біз әрбір фактіні зерттеп, лауазымды адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар-жоғын тексеруге тиіспіз", — деді ол.

Мәжіліс депутаты Бас прокуратурадан Алматы аумағы мен іргесінде заңсыз құрылыс салдарынан зиян келген алқаптарды түгендеуді талап етті.

"Алматыға жаңа әкім Дархан Сатыбалды келгелі тау бөктеріндегі заңсыз нысандарды сүру қолға алынды. Құрылысқа жауапты әкімдік басқармалары белсенді жұмыс істей бастады. Заңсыз құрылыстарды анықтап, тоқтатып жатыр. Басқаша айтқанда, жұмыс басталды. Болашақта да осы қарқынмен тиімді жұмыс істейміз деп үміттенемін", — дейді Бақытжан Базарбек.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 03 Қыркүйек, 2025 18:02
Талқылау