Алакөл ауданында 3 медициналық пункт ашылды
Ұлы даланың Ұлттық мерекесі 25 қазан – Республика күні қарсаңында Алакөл ауданына қарасты үш елді мекен Ынталы, Қарлығаш және Байзерек ауылдарында блокті-модульдік медициналық пункттері халық игілігіне берілді.
Мереке қарсаңында ашылған денсаулық сақтау мекемелері аталған ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсететін болады. Модульді медициналық пункттер барлық климаттық жағдайды сақтай отырып заманауи үлгіде бой көтерді.
Аудандағы шағын елді мекендерге арналған әлеуметтік нысандарды салуға облыс бюджетінен 150 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл халыққа да, мемлекетке де тиімді.
Жұрт заманауи медициналық құралдармен жабдықталған пункттер өте қолайлы дейді. Бұдан былай ауыл тұрғындары алғашқы медициналық-санитарлық көмек, екпе егу, скриниг, акушерлік және ЭКГ аппаратында жүрек қағысын тексеру сынды қызметтері үшін ауданға шапқылап әуре болмайды.
Аталған медициналық пункте штаттық кестеге сәйкес 2 адам (1 фельдшер, 1 санитарка) қызмет атқарады.
Ауданда жыл соңына дейін аудан орталығынан 60 шақырым жердегі Қамысқала ауылында тағы бір дәрігерлік амбулатория ашылмақ.
Аудандағы медициналық нысандардың материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңарып жатыр. Бірақ бір ғана жабдықпен мәселе түбегейлі шешілмейді. Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін білікті мамандар керек. Ол да күн тәртібінде қаралып жатқан өзекті мәселе дейді-аудандық орталық аурухана директоры Асхат Бутабаев.
Ауылдардағы медициналық пункттердің ашылғанына жұрт дән риза. Әсіресе денсаулығына жиі шағымданатын тұрғындар үшін бұл үлкен олжа.
Айта кетейік, Ынталы ауылында 637 адам, Екпінді ауылдық округі, Қарлығаш ауылында 446 адам және Лепсі ауылдық округі, Байзерек ауылында 280 адам тұрады.
Жалпы ауданда 1 аудандық орталық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 19 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 17 медициналық пунктері, 4 фельдшерлік акушерлік пунктері аудан халқына тұрақты қызмет етуде.