"Әл-ауқатына байланысты": Қазақстанда көп әйел алуға деген көзқарас қандай
Фото: Stan.kz/ AI Copilot арқылы жасалды
Елімізде ерлердің көп әйел алуын қолдайтындар көп. Аталған тақырыпқа қатысты пікірталастарды әлеуметтік желілерде жиі көруге болады. Қазақстанда көп әйел алуға заң бойынша тыйым салынған. Мұны заңдастыру туралы ұсыныстар бірнеше рет көтерілгенімен, қабылданбаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, исламда көп әйел алуға рұқсат етілген, бірақ ол міндетті емес. Тек қатаң шарттарды сақтап рұқсат етілген.
"Қасиетті Құран Кәрімге ("Ниса" сүресі, 3-аят) сәйкес, егер ер адам олардың әрқайсысына барлық жағынан тең дәрежеде: материалдық қолдау (тұрғын үй, тамақ, киім-кешек), уақытты әділ бөлу, көңіл бөлу және қамқорлық, құрметті қарым-қатынас жасай алса, төрт әйелге дейін үйлене алады. Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар немесе қолдарыңдағы күң де болады. Әділетсіздік болмауға жақынырағы осы. Бірақ қазір қоғамда көп әйел алуды заңдастыру мәселесі дін шеңберінен шығып, еліміздің заңнамасымен реттеледі. Ислам діні адамды өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын құрметтеуге үйретеді", – деді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.
Елімізде шариғат бойынша неке қию рәсімі бұрыннан бар. Алайда ол туралы жалпы статистика жоқ. "Демос" қоғамдық бірлестігінің мәліметінше, 2023 жылдың төрт айында Астананың бір бас мешітінде 5 мың діни неке қиылған. Алайда ресми неке секілді, мұндай некенің де бұзылмайтынына кепіл жоқ.
Блогер Бағила Ахметова подкастарының бірінде күйеуді меншік деп санауға болмайтынын айтты. Күйеуін өзгелерге бөліскісі келмейтін отбасыда ғана екінші әйел пайда болатынын жеткізді. Оның пікірін қазақстандықтардың көбі қолдамады. "Қолдаймын" деген дауысқа қарамастан, қоғам көп әйел алуға қарсы.
Құқық қорғаушы, журналист Индира Кәкімова ерлердің көп әйел алуына қарсы.
"Дәстүр мен әдет-ғұрып бойынша мұқтаж әйелге, оның балаларына қамқорлық көрсету үшін көп әйел алған. Мысалы, ер адам өз ағасының жесірін ала алады. Бірақ қазір қоғамда бұл ерлердің өз амбицияларын қанағаттандыру әрекеті сияқты. Мен мұны манипуляция деп ойлаймын. Өйткені күйеуімен төсегі ортақ кез келген жар басқа әйелмен бәсекеге түседі. Бәйбіше мен тоқал арасында достық байланыс болады деп ойламаймын. Әйелдер екінші, үшінші, төртінші әйел болуға келіссе, бұл қаржылық мәселеге байланысты", – дейді ол.
Кейбір спикерлердің пайымында, бұл азаматтардың әл-ауқатының қаншалықты жақсы екеніне байланысты.
"Алайда Қазақстанда көп әйел алуға рұқсат беретін заңның қабылдануын қоғам оң қабылдауы екіталай. Қазір әйелдердің көбі бұл норманы әйел құқықтарын шектеу ретінде қабылдайтыны анық. Бірақ біз әлі де гендерлік теңдік саясатын құптаймыз. Мүлікті бөлуде (бес әйел алу, беске бөлу және ажырасу) заңгерлердің жұмысы көп болатыны сөзсіз. Өзім көп әйел алуға қарсымын. "Мемлекетіміздің зайырлылығына" күмән келтіруге болмайды деп есептеймін", – дейді заңгер Руслан Кибке.
Қоғам қайраткері Гүлнар Омарова мұны әркімнің өз таңдауына беру керек дейді.
"Әйел екінші, үшінші әйел болғысы келсе, бұл – оның таңдауы. Мен ешкімді кінәлағым келмейді. Еркектер де солай. Сондай-ақ олардың таңдауы бойынша моральдық, материалдық жағынан дәріс оқығым келмейді. Бірақ ер адамның екі отбасының ортасында жүргендегі психологиялық жағдайына, баланың психикасына тоқталамын. Бірнеше отбасын қаржылай қамтамасыз етсе де, қиын болады деп ойлаймын. Балалар мұны ауыр қабылдайды. Ол комплекске айналып, отбасы, әке туралы айтқысы келмейді. Сондықтан мұндай шешім қабылдамас бұрын баланың психологиялық денсаулығын, жайлылығын ойлау керек деп есептеймін", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Мұхамеджан Тазабектің көп әйел алуға қатысты көзқарасы елді ойландырған еді.

Алматы облысында жасөспірімдер неге зорлықпен қаза табуда: Жаға ұстатқан оқиғалар хроникасы
