Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы президентке хат жолдады

Қытайда тұтқындалған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Зухра Сейтімованың сөзінше, ол 3 қыркүйекте Гуанчжоу қалалық сотында бірнеше жылдың ішінде алғаш рет қызын көрген. Сот төрағасы оған сот залында қызымен сөйлесуге 15 минут беріпті.

Ақжарқынның анасы мемлекет басшысына жолдаған хатында қызының 2014 жылы Қытайда тұтқындалғанын, оның өмір бойына бас бостандығынан айырылып, артынша үкім жоққа шығарылып, істің қайта қозғалғанын жазған. 

«2015 жылы ОАӨАБО қызым Ақжарқынды нигериялық топтың құрбаны деп ресми түрде мойындады. Қазіргі уақытта қылмыскерлер ұсталған жоқ. Алайда ҚР СІМ тиісті шаралар, соның ішінде қызымды шетелдік тартушылардан жәбір көруші ретінде тану үшін шара қабылдаған жоқ», - делінеді Зухра Сейтімованың хатында. 

ҚР Конституциясының 11-бабы 2-тармағына сәйкес, республика  мемлекет шекарасынан тыс аумақтағы азаматтарын қорғауға және қамқорлық жасауға кепілдік беретінін тілге тиек еткен Сейтімова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан қызының отанына оралуы үшін қолдан келген шараларды қабылдауға әрекеттесуін сұрады. 

Естеріңізге сала кетсек, Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу қаласының әуежайында есірткі контрабандасымен айналысты деген күдікпен ұсталған еді. 2015 жылы маусымда 21 жастағы қыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Кейін апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойған.

2016 жылы қарашада апелляциялық сот тыңдауы өтіп, коллегия шешім қабылдау үшін жиналыс бөлмесіне шығып кеткен еді.

Биылғы жылдың 3 қыркүйегінде Гуанчжоуда Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты сот отырысы өтті.

Талқылау