Ақыларынан желінген сарыағаштық спортшылар қайыр сұрап жүр
Талай балуан, боксшылар мен волейболшылар дайындап жүрген бапкерлердің айтуынша, аудандық спорт бөлімінің басшысы Мұқан Асылов тағайындалғалы ауданда спорт кері кеткен, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Жарысты қағаз жүзінде өткізіп, барлық қаржыны қалтаға басып отыр деп дау шығарған жаттықтырушыларды, бөлім бастығы жұмыстан да жаппай кетіріп жатыр екен. Бұл тұрған топ талай чемпиондарды даярлап, өмірінің басым бөлігін бала жаттықтыруға арнаған бапкерлер. Бірақ соңғы 5 жылда бала баптау түгілі басымызбен қайғы болдық дейді. Аудандық спорт бөліміне жаңа басшы келгелі бюджеттен бөлінген қаржы бапкерлерге жетпей, ол аз болғандай қит етсе қатардағы жаттықтырушылардан ақша жинауды көбейіпті.
“Әр мектепке 2 млн-нан салық салды деді, комиссия деді. Сөйтіп бәрімізден 40 мыңнан ақша жинады. Барлық жаттықтырушыдан. Жарты ставкадан 30 мыңнан, ставкадан 40 мыңнан ақша жинадық. Сөйтіп жарысқа барамыз, комиссияға береміз”, – дейді бапкер Тәттібек Тұрлыбеков.
Сарыағашта жаттығулар спорт орталықтарында емес, кәдімгі орта мектептердің залдарында өткізіледі. Мұндай жағдайда сапалы тәлім беру мүмкін емес екені белгілі. Алайда, спорт мектептерінің де жетісіп тұрғаны шамалы.
Спорт мектептеріне бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жатқаны жалпыға аян. Бірақ мектептердің жағдайына қарап олай дей алмайсың. Мәселен, бұл Қажымұқан спорт мектебінің жалғыз жаттығу залы. Мұнда 3 аспалы тұлып, күрес кілемшелері мен жалғыз үстел теннисінен басқа дәнеңе де жоқ.
Қолдағы бармен там-тұмдап бала баптап жүрген жаттықтырушылар жарысқа да өз қаражатымен кетеді екен. 10 баланы облыстық жарысқа алып барса, бірнеше күнге бар-жоғы 30 мыңнан аспайтын қаржы бөлінетін көрінеді. Не тамаққа, не жолға жетпейтін болған соң балалардың өзіне қол жаятын болған.Мұқан Асылов осылайша өзіне шаң жуытпады. «Жарысты да жиі ұйымдастырам, ақшаны да тура бөлем» деген бастық жұмыста қаталдық танытқаным үшін кейбір бапкерге жақпай отырмын дейді. Ал мектептердегі кемшіліктерді орталық басшыларының өзіне жауып отыр.
“Барлық мектепте бюджеті бар, бухгалтері бар. Барлығы бөлініп отырады. Жаттықтырушыларды жұмысқа қабылдайтын сол мектептің директорлары, жұмыстан босататын да солар. Солардан сұрағанымда барлығы толық беріліп отыр деді. Инвентарьлар да толығымен алынып, құжаттарына да қол қойып алғандары бәрі бар деді”, – дейді Сарыағаш аудандық спорт бөлімінің басшысы Мұқан Асылов.
Бірнеше айдан бері құзырлы мекемелерге шағым жазып, нәтиже шығара алмай жүрген бапкерлерде басшының былығы туралы құжаттар мен үнжазбалар да бар екен. Жергілікті органдардан қайыр болмаған соң енді жаттықтырушылар жалғыз үмітін Елордадан келетін тексерушілерге артып отыр.
Жіберіп алмаңыз:
Түркияда жол апатына түсіп, төсек тартқан қазақстандықтар елге жете алмай отыр
Кореяда ота жасатып, Шардараға оралған Мәдина бүгінгі жағдайы туралы айтты