Біз танымайтын министр туралы: Ақтоты Райымқұлованың өмірбаяны
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының орнына парламент мәжілісі Ақтоты Райымқұлованы бекітті. Министр болған шенеунік әрі композитор туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ақпараттардың бірқатарын ұсынады.
Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова 1964 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Белгілі жазушы Рахметолла Райымқұловтың 52 жасында көрген жалғыз қызы. Қазақ және орыс тілдерін меңгерген. Қазіргі таңда Райымқұлова ханымның 25-ке жуық ғылыми еңбегі жарияланған.
1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының композиция және фортепиано мамандығы бойынша тәмамдаған. Артынша композиция мамандығының аспирантурасында білім алған. Сонымен қатар, халықаралық бизнес академиясында менеджмент бойынша білімін толықтырған. Бизнес саласының докторанты ғылыми атағын иеленген.
Ақтоты Райымқұлова көп жылдар бойы қазақ мемлекеттік қыздар университетінде сабақ беріп, ұстаздық қызмет атқарған. 1995-2011 жылдары аралығында Құрманғазы атындағы консерваторияның дирижерлік кафедрасының меңгерушісі, ректордың көмекшісі, әлеуметтік-экономикалық жұмыстар бойынша проректор, доцент ретінде жұмыс жасаған. 2013-2014 жылдары ғылыми-шығармашылық мәселелер жөніндегі проректор қызметіне көшкен.
Артынша 2016 жылға дейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер департаментінің директоры, 2016 жылдың 3 қазанынан бастап мәдениет және спорт министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Ақтоты Райымқұлова көптеген марапаттың иегері. Әр жылдары жалпыкеңестік композиторлар байқауларының жүлдегері, республикалық композиторлар байқауының лауреаты болған. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР композиторлар одағының мүшесі, "Тәуелсіздік толғауы" сыйлығының иегері.
Бүгінде Ақтоты Райымқұлова "Ел бақыты", Apple of Peace, "Көкжал" кантатысы, "Толғау", "Дала сыры" және "Жәмиля" симфониялық поэмаларының, "Аспан көші" екі актілі балеті, "Алатау" пьесасы, "Соңғы сезім", "Тұзды шөл", "Абай", "Еңлік-Кебек", "Абылай хан", "Естайдың Қорланы", "Гамлет", "Қорқыттың көрі", "Сыған серенадасы" секілді спектакльдерге музыкалық туындылардың, фильмдер мен сериалдарға жасалған саундтректердің және т.б. авторы.
Жаңа министр Димаш Құдайбергеннің талантын бағалап, үнемі қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, жұрттың ықыласына бөленген.
Кейкі батырдың бас сүйегін елге қайтаруға үлес қосып, Кенесары ханның бас сүйегін туған жерге қайтару үшін еңбек сіңіріп жүрген жандардың бірі.
2018 жылы вице-министр қызметін атқарып жүрген кезде кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің барлығы қазақшаға аударылады деп тілге деген жанашырлығын көрсеткен.
Бала күнінде жазушылар одағында өскен. Қазақтың маңдайына біткен ақын-жазушыларының мейірімін көрген. Әкесі Рахметолла Райымқұловтың еңбектерін жинап, келешек ұрпаққа жеткізуге атсалысқан. Райымқұлованың музыкаға деген бейімі 5 жасында байқалған. Танантына Ғазиза Жұбанованың өзі тәнті болған. Қазіргі таңда Ақтоты Райымқұлова жақсы жар, аяулы ана.
Естеріңізге сала кетсек, Ақтоты Райымқұлованың мәдениет және спорт министрі болып тағайындалғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
