Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"42 млн теңге желге ұшты": Ақтөбеде орындалмаған жұмыстарды қабылдау актісіне қол қойған шенді қызметінен босатылды

жол

Ақтөбелік прокурор қазынадан шыққан 42 миллион теңгенің есебін сұрайтын адам таппай қалды. Әдеп кеңесінің мүшелері бір ауыздан жол құрылысына немқұрайлы қараған бөлім басшысын жұмыстан босатты. Қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақтөбеде өткен Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысына прокурорлар бірнеше шенеунікті “желкелеп” әкелді. Келмей қалғандар да бар. Мұғалжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Өтеулин өзінің тәртібі қаралатын кеңеске келген жоқ.  Мұғалжар ауданы прокурорының мәліметінше, жол құрылысына жауапты шенеунік орындалмаған жұмыстарды қабылдау актісіне қол қойып, төлем жүргізілген.

“2024 жылдың 12-шілдесінде Мұғалжар ауданында қоймаға дейін жол салу бойынша бөлім мен "Мерей-2" ЖШС арасында 721,9 млн теңгеге шарт жасалған. Құрылыс 2024 жылдың 17 қыркүйегінде басталды. 2025 жылы 24 қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс. Қазіргі уақытта 42 млн теңгенің жұмысы орындалмаған”,- деді прокурор Қайыржан Биманов. 

жол

Сонымен қатар Қандыағаш қаласы бойынша бірнеше жолдың құрылысында шикілік бар. Есет Көтібарұлы көшесін жаңарту жұмысына 165,9 млн теңгеге шарт жасалған. Жол белгілерін және жол төсемдерін алу бойынша жұмыс орындалмаған. Сондай-ақ Қандыағаштағы Жамбыл Жабаев көшесіндегі жол жаңарту жобасының құны  186, 4 миллион теңге. Жол төсемдерін алу жоспарда болса да бұл жұмыс атқарылмаған. 

Жауапты шенді  жазбаша түсініктемесінде жасалған жұмысты жаңбыр шайып кетті деп ақталған. 

“Адамның ақылына сыймайды. Кеңеске де келіп тұрған жоқ. Немқұрайлы қарайды. Біз оны не істейміз? Ондай адам лайықты ма мемлекеттік қызметке?”,- деді кеңес төрағасы Айбек Шілманов.

Кеңес мүшелері жол құрылысы жауапты бөлім басшысы Жандос Өтеулинге жұмыстан шығару түріндегі тәртіптік жаза қолдану дұрыс деп шешті. 

Ал Шалқар ауданынан келген прокурор Нұрболат Қуанышұлы мемлекеттік сатып алу заңнамасын сақтамаған қызметкердің тәртібін қарауды ұсынды. Басшылардың немқұрайлығынан жосықсыз деп таныған мердігерлер емін-еркін жеңімпаз атанған. 

Шалқар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан "Добровка" жеке кәсіпкерлігі жосықсыз деп танылған. Бірақ жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізілмеген. Нәтижесінде мердігер 11 рет мемлекеттік сатып алуға қайта қатысып, жеңімпаз атанған.
Шалқар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы екі кәсіпкерді жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа жіберіп, сот қанағаттандырған. Бірақ бұл жерде де мердігер тізімге енгізілмеген. Сот қаулысынан кейін де 8 рет мемлекеттік сатып алуға қатысып, жеңімпаз атанып үлгерген.

“Ақталуға келмейтін нәрсе. Бұл деген бюджеттің қаражаты. 1 тиынының да құны бар. Өйткені сол қаржыны халық күтіп отыр. Сіздер тәуекел жасап отырсыздар. Кәсіпкерлікпен заңсыз айналысатын, міндеттемелерін орындамайтындардың мемлекеттік сатып алуға қатысуға мүлде құқықтары жоқ. Шектеу қойылған. Сатып алуды орындайтын орган ретінде соны сіздерге міндеттеген. Сотқа бердіңіз, күшіне енді. Бәрін біліп отырсыз, жосықсыз мердігерлерді тізімге енгізу бойынша жұмысты аяқтау керек деген ой тумады ма?”,- деді кеңес төрағасы Айбек Шілманов.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Шалқар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қаниатов пен Шалқар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марғұлан Досжановты қызметіне толық сәйкес емес деп, тәртіптік жазаға тартты.

Айнұр Мұхади
Жұма, 19 Қыркүйек, 2025 16:40