"Педофилдер арамызда жүр": Кішкентай қыздардың видеосына пікір қалдырып, қырындаған еркектер желі қолданушыларын шошытты
Скриншот
Желіде кішкентай қыздардың видеосына түрлі пікір қалдырып, қырындаған ересек ер адамдардың қылығы қызу талқыға түсті. Қазақстандықтардың көбі қауіпсіздік мақсатында 18 жасқа толғанға дейін балалар мен жеткіншектерге әлеуметтік желілерге тыйым салу керектігін айтып, дабыл қағуда. Енді бірі балаға анайы мақсатта жазатындарды анықтап, жазалау қажет екенін айтады. Stan.kz тілшісі желідегі груминг және одан балаларды қалай қорғауға болатынын, қаскөйлер бұл әрекеті үшін қандай жаза арқалайтынын білді.
Threads желісінде кішкентай қыздарға қырындап, танысуға ниет білдірген ер адамдарды әшкерелейтін видео пайда болды. Онда көпшілігінің жасы үлкен екені, тіпті отбасылы болуы мүмкін екені байқалады. Кішкентай қыздарға “нөміріңді берші, сұлу қыз”, “қай қаладан боласың?”, “қалай таныссақ болады?” деген пікірлер жазып, жүрек смайликтер жіберген екен.
“Өте жиіркенішті. Осындай “ездерді” әшкерелеп, түр-әлпетін үлкен планмен көрсететін видеолар көп болсын”, – делінген видео сипаттамасында.
“Міндетті түрде қарындастарыңызбен, жиендеріңізбен сөйлесіңіздер, ата-анасына ескертіңіздер. Анда-санда балаларыңыздың парақшасын тексеріп, олармен сөйлесіңіздер, тыйым салынған тақырыптарды да талқылаңыздар. Қырағы және сақ болу керек”
“Құқық қорғау органдары бұл бейбақтарды анықтамаса, біз жалған парақшаны жемтік ретінде пайдаланып, педофилдерді ұстауымыз керек. Олар біздің арамызда жүр. Бұл біздің балаларымыздың қауіпсіздігі үшін маңызды”
“Жалпы 18 жасқа толмағандар үшін TikTok, Instagram және басқа да нәрселерді тіркеуге тыйым салған жөн шығар”
“Қалай ойлайсыздар, бұл адамдар тек әлеуметтік желіде отырып, көшеге шықпай ма? Олар кез келген жерде балаларға тиісуі мүмкін. Әлеуметтік желілерге тыйым салу ештеңе өзгертпейді”, – деп жазды желідегілер.
TikTok желісінде де қыздар жасөспірім кезеңдерінде ересек ер адамдардың назарында болғандарын, түрлі анайы ұсыныс алған жағдайларын баяндаған.
Видеодан скриншот
“14-16 жасымда ересек ер адамдардың тарапынан жылы лебіздер естіп, олардың назарына жиі ілігетінмін. Сол кезде ол маған қызық болып көрінген. Тек қазір мұның бәрін түсіндім”, “Менің ерлер назарына көмілген кезім 13-14 жасым екен. Қазір олай емес, себебі менің енді ересекке айналғанымнан болар?!”, “14-15 жасымда 30 жастағы еркектер өте көп қырындайтын. Оларды менің жасым алаңдатқан жоқ, менімен балаша сөйлесе отырып, сексуалды тақырыпты меңзейтін”, “99% жағдайда азғындау, анайы ұсыныстарды 13-14 жасымда естіген екем, ал үлкен боп көрінген кезімде мұндай орынсыз қырындаулар азайды” делінген видеоларда.
Видеодан скриншот
Видео астында басқа қыздар да өз оқиғаларын баяндап, аталмыш нәрсені бастан кешкендерін айтады.
Бұған дейін оралдық блогер Қолғанат Жұмабаев кәмелетке толмаған қыздарға жазып, қырындады деген дау шыққан еді. Оның 11-12 жас шамасындағы қыздармен қатты құшақтасып фотоға түскені, сондай-ақ түнгі уақытта хат-хабарлама жазып, онда “ғашық болып қалдым ғой”, “сұлуым”, “фотоңа қарай беремін” деген сынды сөздер болғаны көпті шошытты. Алайда блогердің өзі ешқандай ерсі ойы болмағанын айтып ақталды. Тіпті кішкентай қыздардың аналары Жұмабаевты жақтап, оларда тек аға-қарындас арасындағы қарым-қатынас деді. Сол себепті блогердің үстінен ешқандай іс қозғалған жоқ.
Груминг деген не және баланы педофил қалай арбайды?
Желіде талқыға түскен мұндай жайт груминг деп аталады. Яғни груминг дегеніміз – бұл кәмелетке толмаған жеткіншек пен ересек арасындағы орынсыз қарым-қатынас және сол қатынасты қалыпты нәрсе деп көрсету. Груминг бір қарағанда жай қамқорлық болып көрінуі мүмкін. Себебі грумер ашықтан-ашық жыныстық зорлық жасамайды, баланың сырлас, жақын адамы сынды кейіп танытады.
Психоанализ бағытында жұмыс істейтін психолог Жансая Серікованың сөзінше, груминг отбасы үшін жақын таныс адам немесе мұғалім тарапынан жасалуы мүмкін.
“Грумер балажан болып көрінеді, тым жақын болуға тырысып, жиі құшақтайды, сүйеді, одан да басқа әрекеттер жасайды. Мысалы, мұғалім грумер бір оқушыны өз құрбаны ретінде таңдаса, оны ерекшелеп, оған көбірек назар аударатынын байқалады. Сол үшін “өз қатарластарыңнан қарағанда әлдеқайда ақылдысың”, “Өз жасыңнан ересексің” деген пікірлер айтады. Сондай-ақ олар бала психологиясын жақсы білетінін ескерген жөн. Баланың сеніміне кіруге, достасуға тырысады, тіпті ата-анасына қарсы қою жолдарын іздеуі мүмкін”, – деді Жансая Серікова.
Маман баланың қауіпсіздігіне бірінші сәтте ата-ана мән беріп, оның кіммен араласатыны, ортасы қандай екенін білуі тиіс дейді. Балаға 3 жастан бастан “ішкиім ережесін” үйретіп, дене шекарасын түсіндіру керек. Серікованың сөзінше, груминг кезінде көп қолданатын айла – “біздің ортақ құпиямыз” деп арбау.
“Бала құпияға, сырға жақын болғандықтан, педофилдер “бұл біздің ортақ сырымыз, ешкімге айтпа” деп айтады. Сол үшін ата-анадан құпия сақтау жақсы емес екенін айтыңыз”, – деді ол.
Желідегі груминг үшін жаза қарастырылған ба?
Қылмыстық кодексте балаларға қатысты азғындау, сексуалды сипатта тиісу сынды баптар бар. Жыныстық зорлық жасалмаса да, балаға қатысты тиісу, бейәдеп әрекеттер үшін де жазаға тартуға болады. Қылмыстық кодекстің 124-бабы “16 жасқа толмағанды азғындау” бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Адвокат Жохар Өтебеков балаға қатысты азғындау және тиісуге не жататынын түсіндіріп берді.
“Азғындау деп 16 жасқа толмаған адамдарға қатысты әдепсіз әрекеттерді айтады. Мысалы, сексуалдық тақырыптағы әдепсіз әңгімелер айтып, балаға порноматериалдар жіберу, өз жыныс мүшесін көрсету, баланы жыныс мүшесін көрсетуге мәжбүрлеу жатады. Бұл тікелей өмірде де, желі арқылы да болуы мүмкін”, – деді адвокат.
Алайда Қазақстанда груминг үшін нақты жауапкершілік жоқ екен. Адвокат сексуалды сипаты болмаса, тек сезім білдірген хаттар үшін жазаға тарту, оның қылмыс екенін дәлелдеу қиын дейді. Десе де Қылмыстық кодексте жаңа бап пайда болған. Баланы ересек адам кездесуге шақырып, сезім білдіретін хат жазса, оны Қылмыстық кодекстің жаңа 121-1 бабы “16 жасқа толмағандарға жыныстық тиісу” деп саралауға болады. Бұл бап бойынша қаскөй 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Ол үшін баланың өкілі немесе ата-анасының өтініші керек.

"Арық жүйесі - кедейшіліктен туған шарасыз шешім": Алматы неге жаңбыр жауса суға батады
