Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбенің құрылу тарихы өзгеруі тиіс: Тарихшылар қазақ сұлтандарының қорымын тапты

Ақтөбеде 17-18-ші ғасырларда өмір сүрген қазақ сұлтандарының қорымы табылды. Бұл аумақта ортағасырлық қала болғаны да анықталды. Зерттеушілер  енді Ақтөбенің тарихына елеулі өзгерістер енгізілуі тиіс дейді. Бұл туралы Stan.kz  ақпараттық агенттігі  Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

видео: скриншот

Бұл тарихи жаңалықты Талғат Жұмағамбетов бастаған тарихшылар ашты. Қала шетіндегі ескі қорымды зерттеу барысында  қазақтың әйгілі сұлтандары жерленгені анықталған. Яғни Кіші жүздің соңғы ханы Арынғазының ұрпақтары жатыр. Зерттеушілер, жақын жерде шағын қалашық та болған деп  болжап отыр. Сондықтан,  Ақтөбе қаласының тарихы 1869 жылдан басталмайды, кемінде одан бір ғасырға әріге кетеді.

 "Мына жерде үлкен қаланың үлкен зираты.17-18 ғасырдағы. Құлпытастар тек 18 ғасырда пайда бола бастайды. Сонымен мына жердегі 4 құлпытасты біз оқыдық, 19 ғасырға жатады. Ең қызығы – мына құлпытас. Бұл Ахметқали сұлтанның құлпытасы",- деп мәлімдеді қазақ түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Талғат Жұмағамбетов.

Қазіргі уақытта төрт құлпытас оқылды. Олардың бірі 1848-інші жылы қойылған. Ғалымдардың айтуынша, осы маңда ортағасырлық 3 елді мекен болған. Мына қорымға сұлтандарға дейін сонда өмір сүрген адамдар жерленген. Өкініштісі, қорғандардың қирандылары осыдан 50-60 жыл бұрын бұзылып кеткен. Ғалымдардың айтуынша, енді Ақтөбе қаласының құрылған уақыты кемінде XVII ғасырдан бастап есептелуі тиіс дейді. 

"Ақтөбе қаласының шығу тарихы бізге 1869 жыл деп жатыр, бірақ енді одан ертерек дегенін соның аумағында жүретін тарихшылар біледі. Ол жалпы жақсы жаңалық деп білемін. Жалпы қазақ халқының шығу тарихы тереңде жатыр ғой", – деді қала тұрғыны Бауыржан Әлиев.

 Ғалымдар осы жерден ортағасырлық обаны да анықтады. Тарихи нысандардың кейбірі бұған дейін де белгілі болған. Бірақ ешкім ден қойып зерттемеген. Сондықтан келесі жылы ауқымды жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сұлтандар жатқан жерге тарихи кешен салу жөнінде де ұсыныстар бар.


 

Талқылау