Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Иттерді төбелестірмей іріктей алмаймыз": Ақтөбеліктер жануарларды қорғауға қатысты заңға қарсылық білдірді

Ақтөбелік төбет асыраушылар қоғамда талқыланып жатқан "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасының кейбір тұстарымен  келіспейтіндерін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Олар иттерді төбелестірмесек, мықтыларды іріктей алмаймыз деп отыр. Ал жаңа заң бойынша  төбеттер жекпе-жегіне ресми түрде тыйым салынбақ. Бұл тәлімбақта қазір 12 ит бар. Алып төбеттер жылына бірнеше рет жекпе-жекке  шығарылады. Ит асыраушылардың өздері төбелесті "жай ғана сынақ" деп атайды.  Иттер қан-жоса боп төбелеспейді. Олар тек бөрібасардың мықтылығы мен мінезі сыналады дейді. Бірақ  бұл сынақ енді жануарларға қатыгездік көрсетумен теңестірілмек. Жаңа заң жобасындағы өзгеріс  төбет ұстайтындардың наразылығын тудырды.

“Қазір бұл заң қолданысқа енгізіліп кетсе, алдағы уақытта біз тестілеп тексеруді жүргізе алмаймыз, себебі бұл жерде төбеттердің нағыз күшін сынайтын ол тек қана рингте бір-бірімен төбелестіру арқылы ғана тестілеуден өтеді”, – дейді “Тазы-төбет бөрібасар” ұлттық спорт федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Еркебұлан Сарман.

Еркебұлан Сарманның айтуынша, төбеттерді төбелестірмесе, мықтысын іріктей алмайды. Ал бұл Қазақстанда  нағыз төбеттер тұқымының  жоғалып кетуіне әкеледі. 

Осыдан 15-20 жыл бұрын елімізде 19 мың төбет болса, қазір  бір мыңның шамасында  ғана қалған. Жергілікті жануарларды қорғау ұйымының өкілдері де жаңа заң жобасының кемшіліктері көп дейді. Әсіресе  төбеттер төбелесіне қатысты мәселені халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қайта қарау керек.  

“Төбеттердің төбелесінде тұрған ештеңе жоқ. Тек жануарды өлтіру немесе жарақат алған итке уақытында ветеринарлық көмек көрсетпеу секілді қатыгездікке жол берілмеуі керек. Өркениетті елдердің тәжірибесі зерттеліп, төбеттерді сынақтан өткізудің нақты ережесі жазылуы тиіс деп есептеймін”, –дейді “Қамқор” жануарларды қорғау қоғамдық қоры бірлестігінің президенті. 

Таутөбетті көбейтудің қамын ойлағандар енді қол жинамақ. Жаңа заң жобасының келіспейтін тұсын көрсетіп, құзырлы орындарға хат жолдаймыз дейді.

Талқылау