Қазақстандық зейнеткер бос жатқан жерді саябаққа айналдырып, 500 түп ағаш еккен
Фото: Видеодан скрин
Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер Серік Қожимов өз қаражатына екі гектар жерге 500 түп ағаш отырғызып, шағынаудандар тұрғындарына арналған жаңа саябақ салуды қолға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Зейнеткер күн сайын Сая тұрғын үй алабына жақын орналасқан жер телімінде жүреді. Осы көктемде ол пирамидалық терек пен жөкенің көшеттерін отырғызған. Бір бөлігін өзі өсірсе, енді бірін жергілікті питомниктерден сатып алған. Суару үшін құдық қазып, электр желісін жүргізген. Барлық шығынды өз қалтасынан көтерді.
"Бос қарап отырғанша, өзімізден кейін бір дүние қалдыруымыз керек қой. Немерелерім қуанады, балаларым қуанады, "Ата отырғызды" дейді. Жақсы ғой. Сая, Мағаджан, Заречный-1 шағынаудандары үшін мәдениет және демалыс саябағын салсақ деп армандаймыз", – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Серік Қожимов.
Уақтылы суарылып, күтім жасалған көшеттердің бәрі дерлік жерсініп кеткен. Зейнеткерге тағы бір ақтөбелік қария – Юрий Михайлович қолғабыс етіп жүр. Серік Қожимов "Халықтық қатысу бюджеті" жобасы аясында билік өкілдері футбол алаңын салып, жолдар төсесе деген тілегін білдірді. Ал мұнда балалар ойын алаңы 2022 жылы бой көтерген.
Фото: Видеодан скрин
"Балалар алаңы 2022 жылы салынды. Ол үшін әкімдікке рақмет. Бірақ ұрлық та, вандализм де болып тұрады. Соған жол бермес үшін өз қаржымызға бейнекамера орнаттық, кейде өзіміз тазалық жұмыстарын жүргіземіз", – Ақтөбе қаласының тұрғыны Серік Қожимов.
Ақтөбедегі "Алматы" ауданының әкімі Рустем Үтешев келер жылы сол аумақта футбол алаңы, баскетбол алаңы және воркаут аймағын салуды жоспарлап отырғанын айтты.
"Кейінірек демеушілердің көмегімен аумақты толықтай абаттандырғымыз келеді. Серік Қожимовқа алғыс білдіреміз. Ол ұйымдастырушылық көрсетіп, халықты жинап, өзі де тазалық жұмыстарына қатысады", – деді Рустем Үтешов.
Фото: Видеодан скрин
Агроном мамандығы бар Серік Қожимов өзінің білім-білігін, тәжірибесін пайдаланып, арманын жүзеге асыруға бел буып отыр. Оның бастамасының арқасында облыс орталығында тағы бір жасыл демалыс орны пайда болмақ.
Алматыдағы ботаникалық бақта аққуға әлімжеттік жасаған ер адам 7 тәулікке қамауға алынды
Еске салайық, бұған дейін Тараздағы Жеңіс саябағында бірнеше жыл бұрын жеке кәсіпкерлердің бастамасымен аттракциондар орнатылғанын жазған едік. Бастапқыда билік өкілдері жасыл аймақты қорғауға тырысқанымен, кейін құрылысқа жол берілген. Соңғы жылдары мұнда ірі аттракциондар пайда болды. Алайда олардың ешқайсысы техникалық сараптамадан өтпегені белгілі болды. Жер телімі де заңсыз пайдаланылып келген. 2023 жылы кәсіпкерге аумақты босатып, бастапқы қалпына келтіру туралы талап қойылды.

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге қонаққа баратындарды сынады
