Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік тележүргізуші "Қазақ аруы-2021" атанды 

"Қазақ аруы - 2021" ұлттық сұлулық байқауының жеңімпазы анықталды. 22 жастағы ақтөбелік тележүргізуші Аружан Аманжолова бас жүлдені иеленді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқау биыл Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында ұйымдастырылды. Қазылар алқасының құрамында Баян Алагөзова, дизайнер Аида Кауменова, Халық әртісі Лидия Кәденова, танымал блогер Әлішер Елікбаев, мәслихат депутаты Қайрат Құдайберген болды. Олар ақылдаса келе, Ақтөбенің аруын жеңіске лайық деп тапты. 

Аружан Аманжолова "Ақтөбе ТВ" телеарнасында "Қайырлы таң, Ақтөбе!" бағдарламасын жүргізеді. Жоба продюсері Баян Алагөзованың парақшасында ол туралы: 

"Журналистикаға деген махаббатын телевизия ардагері Н.Иманғалиұлының "Бай-қуатты болайық" деген сөздері оятқан. Қоғамға айшықты ақпарат беріп, ұлтының жанашыры болуды кәсіби миссиясы, ал ұлтсүйер, ұлтына қызмет етер ұрпақ тәрбиелеуді өмірлік мақсаты деп біледі", - деп жазылған.



Бірінші орынға болашақ әнші, актриса Сымбат Берікқызы лайық деп танылса, екінші орынды Семей медицина университетінің студенті Жұлдыз Жамбылқызы иеленді. Ал үздік үштікке 20 жастағы қаржыгер Ақерке Нұрмұқан ілікті. 

Сондай-ақ, кеш барысында "Ең үздік кешкі көйлек дизайнері" аталымы бойынша Наиль Байкучуков марапатталды. 

Назгүл Әбушәріпқызы
Сәрсенбі, 08 Желтоқсан, 2021 21:14
Талқылау