Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік келіншек "мемлекеттік қайтарымсыз грант алып беремін" деп 20-ға жуық адамды сан соқтырған

ақтөбелік алаяқ

Видеодан скриншот

Ақтөбелік әйелден қыруар қаржыларын ала алмай жүрген жандар шу шығарды. Оларды бұрынғы мектеп мұғалімі "мемлекеттен қайтарымсыз грант алып беремін" деп сан соқтырып кеткен. Қылмыстық іс сотта қаралып, үкім де шыққан екен. Бірақ тым жеңіл жаза тағайындалып, келтірілген залал екі жылдан бері өтелмеді дейді.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбеде тұрғындар алаяқтан ақшасын ала алмай жүр. Мемлекеттен жеңіл жолмен грант алып, кәсіп бастамақ болғандар екі жылдан бері шешімін таба алмай келеді. 

"Атамекенде ағам істейді. Грант алып беремін” деп айтты. Мен сол кезде наубайхана ашқым келіп жүрді. “Бір миллионға 10 миллион алып берем” деді. Несие алып, сол бойда миллион аударып жібердім. Содан бері осы. Ақшаны қайтаратын ойы да жоқ”, – деді жәбірленуші Жайнагүл Сүйеуова.

Бизнес ашпақ болған жандар 31 жастағы келіншекке сеніп, бес миллион теңгеге дейін аударып берген. Бірақ келісім орындалмай, іс ақыры сотқа жетіпті. Бірнеше адамды алдаған әйел 2023 жылы төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Бірақ алданғандар жаза тым жеңіл деп отыр. 

“5 миллион 815 мың теңге ақша алып алады. Екі апта ішінде міне түседі, әне түседі деді. Біз қатаң жазасын алсын деп талап етеміз. Сағынова Рысгүл Селбайқызы пробациялық бақылауда жүре тұра, әлі де құқықбұзушылық жасап жүр”, – деді алданған Назгүл Сапарова.

Келтірілген шығын жәбірленушілерге әлі күнге дейін өтелмеген.

Судья сотталушының 5 баласы бар екенін ескеріп, жазаны кейінге қалдырыпты. 

“Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігі негізінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындауы 3 жыл мерзімге қалдырылды. Жәбірленушілердің талап-арыздары қанағаттандырылды”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Жансая Таирова.

Сот орындаушылары қаражат кезең-кезеңімен қайтарылады деп отыр.

Еске салсақ, бұған дейін ақтөбелік әйел 30-дан астам адамды алдағаны үшін 8 рет сотталғаны, алайда әлі бостандықта жүргені айтылған еді.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 24 Қыркүйек, 2025 08:23
Талқылау