Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік еріктілер қоқыс контейнері үстіне құлап қайтыс болған әйелдің балаларына пәтер алып берді

Ақтөбеде еріктілер анасы қайтыс болған балаларды қуантты. Әжесінің қолында қалған 3 балаға 3 бөлмелі пәтер алып берген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: Диапазон

Бұл туралы Диапазон жазды. Дерекке сүйенсек, жыл басында 38 жастағы келіншек үстіне қоқыс контейнері құлап қайтыс болған. Ал оның артында 3 баласы қалыпты. Кейіннен балаларды 70 жастағы қарт әжесі тәрбиесіне алған. Енді көп ұзамай еріктілер анасынан айырылған балаларға 3 бөлмелі пәтердің кілтін сыйлаған. Тіпті жүрегі кең жандардың демеуімен баспана ішіне қажеттінің бәрін де реттеп қойыпты. 

“Біз халықтың демеуімен, кәсіпкерлердің көмегімен 70 жастағы қарт әжей мен 3 балаға баспана кілтін табыстадық. Пәтер Есет батыр ықшам ауданында. Пәтер ішін техникамен, жиһаздармен толыққанды жабдықтауға жергілікті мәслихат депутаттары көмектесті. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлерде атсалысты. Наурыз айының басында халықтан көмек сұрадық. Бір ай ішінде қажетті ақша жиналды. Қайтыс болған әйелдің 3 баласы бар. Үлкені 17 жаста. Кейін қаладағы колледжде тегін оқу грантын беруді өтіндік. Оқу орны да қарсы болмады”, - дейді "Volonter.2020_Aqtobe" қоғамдық қорының жетекшісі Нұрбек Жалғасбаев.

70 жастағы кейуана мен 3 баланы бәрі бірлесіп көшіріп алып келген. Тіпті музыкамен әрлеп, салтанатты түрде қоныстандырыпты. 

“Алғаш олардың жағдайын естігенде бірден көмектесуге бел будым. Біздің өзімізде ортақ чат бар. Сол жерде жақын құрбыларыма көмектесуге ұсыныс тастадым. Осылайша көрпе, кілемдерін алып бердік”, - дейді кәсіпкерлердің бірі Айгүл Тілеубаева.

Талқылау