Ақтөбелік депутаттың туыстарына тендер алуға көмектесетінін ашық мойындаған видеосы тарады
Фото: Instagram.com (@farzaliyev.vidadi)
Ақтөбе мәслихатының депутаты Видади Фарзалиевтің сөзі қоғамда резонанс тудырды. "Байтақ" партиясының өкілімен әңгіме барысында ол туыстарына мемлекеттік тендерлерді жеңіп алуға көмектесетінін ашық мойындаған. Дегенмен атышулы мәлімдемеден кейін де депутатқа қатысты ешқандай шара қолданылмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әңгіме жазылған бейнежазбаны "Байтақ" партиясының Ақтөбедегі филиалы Instagram парақшасында жариялаған. Онда AMANAT партиясының мүшесі әрі қазіргі мәслихат депутаты Фарзалиев туыстарына қамқорлық жасап, мемлекеттік тапсырыстарға қатысуына ықпал еткенін өз аузымен растайды.
Алайда 11 тамызда қалалық мәслихаттың Депутаттық этика жөніндегі комиссиясы істі жауып, ешқандай тәртіптік шара қолданбау туралы шешім қабылдады.
AMANAT партиясының облыстық филиалының баспасөз қызметі жағдайға асығыс баға бермеуге шақырып, тек құзырлы органдар ғана ресми қорытынды шығара алатынын мәлімдеді.
"Егер депутаттың қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны дәлелденсе, Видади Фарзалиевті партиялық жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады. Жалпы, AMANAT партия Жарғысы мен мүшелерінің мінез-құлық ережелерінің сақталуын қатаң қадағалайды", — делінген партия хабарламасында.
Дегенмен, желі қолданушылары депутаттың өзі жемқорлық схемаларын мойындап отырса да, жергілікті құқық қорғау органдары үнсіз қалып отырғанына ашулы.
“Депутатты мандатынан айырып, туыстарынан тендерді тартып алу керек”, “Міне, депутаттардың бәрі осылай ақша табады: өз фирмаларын әр жерге "тығып", тендерді алады”, “неткен бассыздық”, “бұл жағдайға көз жұмуға болмайды”, – деп жазды олар.

Әкімдік қаладағы ескі брусчаткалардың мұқтаж отбасыға берілгенін айтты: Алайда Боқаев төсеуіштің жеке қолға сатылып жатқанын түсіріп алған (видео)
