Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбедегі жаңа ауданның тұрғындары мектептің ашылуын 15 жылдан бері күтіп жүр

Ақтөбедегі Жібек жолы ауданының тұрғындары 15 жылдан бері мектептің ашылуын күтіп жүр. Тұрғындардың сөзінше, аудан дамып жатқанымен, маңызды әлеуметтік нысандар толық салынбаған. Сондықтан балаларды қаланың әр шетіндегі мектептерге орналастыруға мәжбүр. Ал жауаптылар тағы күту керегін айтқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап. 

тұрғындар

Жібек жолы ауданындағы алғашқы үйлер 2000-жылдардың басында пайда болған. 15 жылда дамып, қазір тұрғындар саны 8 мыңға жеткен. Ал билік өкілдері мұнда мектеп пен балабақша салып беруге уәде берген.

"Алғашқы жоспар бойынша мұнда мектеп, балабақша мен өзге де әлеуметтік нысандар салынуы керек болған. Амбулатория ашылды, ал мектеп пен балабақша әлі жоқ. Мәселеміз қанша жылдан бері шешілмей келеді", – деді Ақтөбе тұрғыны Роза Миргалиева. 

Мұнда әр отбасыда 3-6 бала бар екен. Ал ең жақын мектеп бірнеше шақырым жерде орналасқан. Сонымен қатар мектеп автобусы да жүрмейді. Кей ата-аналарда балаларды мектепке алып баруға мүмкіндік жоқ екенін де жасырмайды.

“Біз барлығымыз қалада жұмыс істейміз, баламызды алып кету үшін келе алмаймыз. Иттердің жүретіні де қиындық тудырып отыр. Мемлекеттің азаматтарға қамқорлық жасайтынын, жанымызда мектеп барын білуіміз керек, балаларымыз үшін уайымдамауымыз қажет", – деді тұрғын Жұмагүл Ықласова.

Тұрғындармен кездесуге әкімдік қызметкерлері де келді. Шенеуніктер ауданда мектептің салынатынын, тек бұл үшін сәл күту керегін айтты. 

"Мектеп құрылысы 2025 жылға жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр, жер қатынастары бөлімі құрылысқа жер телімін де бөлді", – дейді Ақтөбедегі Алматы ауданының әкімі Бақұзақ Дарин. 

Алайда әкім бұрын бөлінген жер телімінде мектептің не үшін салынбай қалғанын айта алмады.

Талқылау