Әйел сотқа күзетпен және психологтың сүйемелдеуімен келді.
"Мен ата-анама келіп, оларды ескі жаңа жылмен құттықтадым. Шай іштік. Кейін сәл тынығайын деп жатып қалдым – ұйықтап кетіппін. Оянсам, анам жоқ. Алғашында ол көрші үйдегі туыстарға кеткен шығар деп ойладым. Іздей бастадым. Сыртқа шығып, сарайға қарадым. Сол жерде күдікті тұр екен. Айқайлап жібердім. Ол мені ұстап алды", – дейді әйел.
Әйелдің айтуынша, күдікті Сәрсенбек Басанов оны сарайға күштеп кіргізіп, қолын байлап, аузын скотчпен жапқан. Үйде кім бар екенін сұрап, қоқан-лоққы жасаған.
"Ол маған қарап: "Менен құтылдым деп ойладың ба?" деп басымнан ұра бастады. Анамның құрбысына кетті деді, бірақ мен оны естімедім, көрмедім. Сарайда қан болған жоқ. Мен не болып жатқанын түсінуге тырыстым. Ол ренішін айтып, басымнан ұрды. Сосын әкем бірінші болып сарайға кіріп келді. Ол әкемнің бетіне пышақпен, сосын басына балтамен екі рет соққы жасады", – деді әйел.
Әйелдің айтуынша, ол осының барлығын өз көзімен көрген.
Бір сәтте сарайға өз кілтін пайдаланып, зардап шегушінің 16 жастағы ұлы кіріп келген. Ол Байғани Әлиевтің қызы мен Зина Шаймағанбетованың сіңлісімен бірге болған. Олар үйден қашып шығып, полиция шақырып үлгерген.
Осыдан кейін күдікте мен полиция арасында келіссөздер басталған.
"15 минуттан кейін полиция қызметкерлері келді. Ол бірден өзгеріп кетті. Дауысы басқа болып шықты. Ішіне жын кіріп кеткендей сөйлей бастады. Полицияға менің оған 5 миллион теңге қарыз екенімді айтты. Олар: “Береміз” деді, ал ол “Жоқ, қажет емес” деп жауап берді. Ата-анам туралы сұрағанда, мен әкем тірі деп үміттеніп: “Ол осында” деп жауап бердім", - дейді жәбірленуіші.
Қылмыскер полицияға өз талаптарын қойып, темекі, энергетикалық сусын сұрай бастаған. Үш сағат бойы келіссөздер еш нәтиже бермегеннен кейін, полиция үйге басып кірді.
Жәбірленушінің анасы 67 жастағы Зина Шаймағанбетова жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Ал 75 жастағы әксі Байғани Әлиев көпсалалы облыстық жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер 40 минут бойы оның өмірі үшін күресті, алайда науқас көз жұмды.
38 жастағы айыпталушы Сәрсенбек Басановқа "екі адамды асқан қатыгездікпен өлтіру", "заңсыз бас бостандығынан айыру" және "денсаулыққа орташа ауырлықта зиян келтіру" баптары бойынша айып тағылған.
Айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Жәбірленушінің адвокаты айыпталушыдан моральдық зиян үшін 50 миллион теңге, материалдық шығын үшін 8 504 500 теңге өндіру туралы азаматтық талап арыз берді.
Келесі сот отырысы 23 маусымда өтеді.
Еске салсақ, 2025 жылдың қаңтарында Ақтөбеде ер адамның бір отбасыны кепілге алғаны туралы жазған едік. 26 мамырда отбасыны кепілге алып, екі зейнеткерді өлтірген күдіктіге қатысты сот басталды.