Ақтөбедегі мектептердің бірінде жарылғыш зат бар деген ақпарат тарады
Ақтөбедегі ҚазГЗУ мектеп-гимназиясында жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама тарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Полицияда айтылғандай, гимназия мектебінде жарылғыш зат болуы мүмкін деген хабарлама Ақтөбе облысының Полиция департаментінің электронды поштасына келіп түскен.
"Барлық жедел қызметтер мен саперлер тобы дереу оқиға орнына барды. Ғимаратты жарылғыш заттарға тексеру ұйымдастырылды. Жарылғыш құралдар табылмады", – делінген хабарламада.
Полиция департаменті жасырын хабарламаның авторын анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шараларды жүргізуде.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы "Терроризм актісі туралы біле тұра жалған ақпарат беру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл баптың санкциясы бес жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.
Естеріңізге сала кетейік, 1 және 2 қыркүйекте Ақтөбедегі алты білім беру мекемесінің электронды мекен-жайларына ұқсас хабарламалар жіберілген, онда жарылғыш заттар табылмаған.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
