Ақтөбедегі жекеменшік университет бір күнде 350 студентті оқудан шығарып жіберген
Ақтөбедегі жекеменшік университет бір күнде 350 студентті еш ескертпестен оқудан шығарып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: krmu.kz
100 шақты студентке "оқу ақысын төлемедің" десе, қалғаны сабаққа келмегені үшін оқудан шығарылған. Студенттер мен оның ата-аналары оқу жылының аяқталуына санаулы ай қалғанда не істерін білмей отыр.
“Ескертусіз оқудан шығарып жіберді. Біз оны бір апта бұрын естідік. Бір жеті бұрын келгенмін, негізі. Әне кел, міне кел деп, созбалаңдап бір жетіге созды. Осы жылды аяқтауға мүмкіндік берсін. Обал ғой, қаншама ата-ана, қаншама оқушы. Ары қарай оқуды талап етпеймін, биылғы оқу жылын аяқтауға мүмкіндік берсін”, – дейді студент Динара Бекмурзина.
-
Депутат Әлихан Смайыловты Назарбаев университетінің ақша жымқырғанын жасырды деп айыптады
-
"Қазақтелекомның" бұрынғы басшысының әйелі Алматыдағы IT университетінің акционері атанды
Екі мыңнан аса студенті бар Қазақ-орыс халықаралық университеті ректорының бұйрығында 91 студенттің оқу ақысын төлемегені айтылған. Ал қалған 259 студент сабаққа қатыспады делінген. Осы мәселемен өңірдегі әкімдік пен министрлік те айналысып жатыр.
Жиналған ата-аналар және студенттермен кездесуге облыс әкімінің орынбасары келді. Ең қызығы, бұйрық шығарған ректордың өзі жоқ. Ол бәрін шетелден бақылайды екен.
“Қашықтан дегенде, міндетті түрде университетпен байланыста болу керек, келіп, көрінуі керек. Яғни студенттер университетпен еш байланыста болмаған. Ақпаннан бастап осы уақытқа дейін тексеруді ректор жүргізді. Соның нәтижесінде шыққан. Біздің қолымыздағы зат емес. Ректордың бұйрығымен шығарылып отыр. Қазіргі таңда біз ректордан хабар күтеміз”, – дейді Қазақ-орыс халықаралық университетінің бөлім басшысы Ақнұр Қадырбек.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада университет қызметкері 15 адамды грантқа ауысуға көмектесемін деп алдап кеткені туралы жазған едік.