Ақтөбеде жетім баланы “қашсаң өлтіремін” деп қорлап мал бақтырған
Ақтөбеде ақшаға алданып, жұмысқа жегілген жетім бала құлдықта болғанын айтады. Айтуынша, үш айы бойы оны Қобда ауданының тұрғыны қорлықта ұстап, мал бақтырған.
Ал қашып кететін болсаң өлтіремін деп қорқытты дейді. Мал баққан азамат Қобда ауданынан Ақтөбеге жаяулатып қашыпты. Қазір 21 жастағы жігіт облыстық аурухананың гаражын паналап жүр.
Жасұлан Сәндібеков осыдан екі жыл бұрын Ақтөбедегі "Жайсан" жетімдер үйінен шыққанын айтады. Содан бері жалданып жұмыс жасап, әркімнің табалдырығында жүрдім,- дейді. Ал соңғы қожайыны еркінен тыс ұстап, нағыз құлға айналдырғанын айтады. Сөзінше, ақша төлеймін деп Қобда ауданына алдап алып кетіп, барғаннан кейін күндіз-түні малдың соңына салып қойған. "Мал бақтым круглосуточно үш ай бойы. Ішіп алғанда ұратын болды. Кете алмадым. Жіберген жоқ. Қорқытып ұстап, қашсам өлтіреміз деп қорқытты", - дейді Жасұлан Сәндібеков. Қазір құлдықтан құтылған Жасұлан Ақтөбе облыстық аурухананың гаражын паналап жүр. Жол бойынан тауып алған осы аурухананың жүргізушісі оны әзірге гараждың бір бөлмесіне орналастырыпты. Қаржау Бедеров Жасұланды өз үйіне тіркеуге отырғызғанын және оған қазір жан- жақтан жұмыс іздеп жатқанын да айтады. "Мен қаладан келе жатыр едім. Бұл бала жолда тұр, күн салқын болды, қара суық. Жұмысыма кеткенше отырғызып алдым. Сөйлестік. Дед домның баласы болып шықты. Сосын қасыма келді. Осында жатады. Біздің қасымызда. Енді жұмыс табылатын шығар деп отырмын. Алдымыз жаз ғой", - дейді тұрғын Қаржау Бедеров.
Талқылау