Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде "Жастарға кеңес" жобасы басталды

Аталмыш жоба жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және түрлі зиянды әдеттерден сақтандыру мақсатында ұйымдастырылды. Жоба аясында өткен кездесуге 200-ден аса студент қатысты.

"Жастарға кеңес" жобасы Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен басталды. Оған қаладағы ЖОО және колледж студенттері қатысты. Жобаның алғашқы легіне "Бопай ханым жоғары медициналық" және "Дүние" колледжінің студенттері қатысып, көкейдегі сауалдарына жауап алды.

Жоба қала жастары арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, нашақорлық және синтетикалық есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, лудомания мен буллингтің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған.

“Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығында 2 бөлім жұмыс істейді. Біріншісі – ақпараттық-түсіндіру және жастармен жұмыс бөлімі, екіншісі – қоғаммен байланыс және NEET санатымен жұмыс бөлімі. Ақпараттандыру бөліміне құқықбұзушылықтың алдын алу, есірткіге қарсы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру, кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары кіреді. Осы уақытқа дейін ақпараттық жұмыстар жеке-жеке атқарылып келді. Енді бұл жұмыстардың басын біріктіріп, "Жастарға кеңес" жобасын бастадық. Жоба аясындағы кездесулерде құқықбұзушылықтың алдын алу, нашақорлық және синтетикалық есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, лудомания мен буллингтің алдын алу тақырыптары қамтылады. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар туралы да ақпарат береміз. Атап айтар болсақ, "Жастар тәжірибесі", "Ұрпақтар келісімшарты", "Жасыл ел" жобасы туралы айтылады. Осындай тақырыптар мен мәселелерді қамтығандықтан жобаны "Жастарға кеңес" жобасы деп атадық. Осылардың барлығын жүйелеп, аталмыш жобада қамтыдық. Түсіндіру жұмыстарына орталық басшысы ретінде өзім де атсалысамын. Сондай-ақ, орталықтың орынбасары, бөлім басшылары да қатысады”, - деді Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Қожабеков.

Аталмыш жоба қараша айының аяғынан бастап қолға алынды. Оған дейін түсіндіру жұмыстарындағы ақпарат сараланды. Қазіргі таңда 2 рет кездесу ұйымдастырылды. Алғашқы кездесу "Дүние"колледжінде өтті. Оған колледждің 1 курс студенттері қатысты. Ал екінші кездесуге "Бопай ханым жоғары медициналық" колледжінде өтті. Колледжде өткен кездесуде орталық басшысының орынбасары Айдарбек Самат пен орталық маманы Азамат Әбуов ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесуге 180-нен аса студент қатысты.

Айта кетейік, жоба жыл бойы үздіксіз ұйымдастырылмақ. Оған мектеп оқушылары, ЖОО және колледж студенттері қатысады.

Ескерте кетейік, есірткі өнімдері, лудомания денсаулықпен  қатар болашақтың да бұлыңғыр болуына әсер етеді. Бұл қазіргі қоғамның ең өзекті проблемаларының бірі болып отыр.

Талқылау