Ақтөбеде жас келіншек туа салысымен баласын 60 мың теңгеге сатып жіберді
Ақтөбеде Дина Досақова есімді әйел бала сүйе алмай жүрген баласы мен келініне жаңа туған сәбиді сатып алып берген. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Қаладағы ювеналды сот перзентханадан шыға сала сәбиін саудаға салған Жанна Ақаласова есімді келіншектің ісін қарап жатыр. Ол бұған дейін де 2009 жылы балалы болып, бірақ оны балалар үйіне өткізіп жіберген екен. Өзі бұрын тұрмыс құрмапты. Енді сот алдында “кәмелетке толмағандар саудасын” іске асырғаны үшін жауап беруде. Айтуынша, айыптаумен толық келіспейді. Ол басында баланы сату туралы мүлде ойламапты.
“Аслан есімді жігіттен жүкті болып қалдым. Өзім автобуста кондуктормын, пәтер жалдап тұрамын. Қожайындарым менің екіқабат екенімді перзентханаға бара жатқанда бір-ақ білді. Ол кезде жеке куәлігім кепілде жатқан”, – дейді әйел.
Осылайша ол Данагүл Өтешова есімді танысына хабарласып, баласы жетімдер үйінде емес, толық отбасында өсуі үшін өзге адамдардың қолына бергісі келіпті. Тіпті баладан бас тартатынын нотариус арқылы реттеп те қойған. Нәрестенің жаңа иесінің берген 60 мың теңгесін танысы Данагүл екеуі тең бөліп алады. Кейін ойынан айнып, қайтадан баланы алмақшы болып, полицияға арызданады. Ал прокурор болса, бұл үш адамның өзара келіскенін айтып отыр.
“Жанна Ақаласова 2017 жылдың 16 қаңтарында босанды. Перзентханада жатқан кезде ол Дина Досақовадан хат алып тұрған. Ол перзентханадан 18 қаңтар күні шығып, сол жерге келіп тұрған Д.Досақоваға баланы ұстатады. Кешкілік Ақаласоваға баладан бас тарту туралы қолхат беріп, ақшаны алды»,- деді прокурор.
Ал Дина Досақова болса, олардың арасында ақша туралы келісім мүлде болмады дейді. 60 мың теңгені тек алғыс ретінде беріпті.
“Жасым осыншаға келгенде мұндай қиындыққа тап боламын деп ойламадым. Қазақтың баласы жетім өспесін деп бауырымызға басқымыз келді”, – дейді Досақова.
Ал екі ортада сенделген сәби қазір “Үміт” сәбилер үйінде. Үш айлық баланың денсаулығы жақсы. Ал айыптаушылардың кінәсі толық дәлелденетін болса, онда 7-10 жыл көлемінде бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз:
Атырау облысында бетперде киген бір топ адам полицейлерден балық толы көлікті тартып алған (фото)
Астраханда полицейлерді өлтірді деген күдіктілер тағы шабуыл жасады
Ақтауда көп балалы отбасы аяқ киім жөндейтін вагон ішінде тұрып келген
Ақтөбеде сыныптастары аяусыз соққыға жыққан баланың миында қауіпті ісік пайда болды