Ақтөбеде жаңа жылдық шырша мен қаланы безендіруге 56 миллион 700 мың теңге бөлінген
Ақтөбеде жаңа жылдық шырша мен қаланы безендіруге жергілікті бюджеттен 56 миллион 700 мың теңге бөлінген. Ал әкімшілік тарапынан биыл қаланың басты деген жерлеріне төрт шырша ғана қойылған.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Олар да былтырдан қалған ескі шырша көрінеді. Ал бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны шенеуніктер ескі шыршаларды қайта жөндеуге және қаланы диотты жарықтармен безендіруге жұмсадық деп отыр.
Биылғы жаңа жылдық мереке қарсаңында Ақтөбе қаласында барлығы 80-ге жуық шырша қойылды. Оның тек төртеуі ғана жергілікті әкімшіліктен. Ал қалғаны жеке кәсіпкерлер мен мекемелердің тарапынан қойылған. Қаланы безендіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен биыл 56 миллион 700 мың теңге бөлінсе де шыршалар жаңартылмапты. Айтуларынша өткен жылғы шыршаларды қайта жөндеуден өткізіп, бұзылған жерлерін қайта түзеткен. Дегенмен қала мен шыршаларды безендіруді мойнына алған құзырлы мекеме басшылары бөлінген қаржының басым бөлігін диотты жарықпен безендіруге жұмсадық деп отыр. Ал биіктігі 30 метр болатын Ақтөбенің басты шыршасына 13 миллион ақша кетіпті.
«Басты шыршамызда 6400 пиксель дейді ғой диодтарымыз орнатылған. Қаламыздағы жаң жылыңызбен деген жазулар, с новым годом деп жазылған жазулар, әтештің қойылуы, 2017 деп, сүйікті қалам Ақтөбе деп жазылуы барлығы осы қаланы мерекелік шараға безендіру тарапынан жүргізілді», – дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жомарт Бақыткелді.
Еліміздің солтүстігі де жаңа жылдық безендірулерге бюджеттен 21 миллион теңге бөлген. Қаржыға жеті жаңа жылдық қалашықтар дайындалған. Бірақ жергілікті жұрт былтырдан қалған жаңа жылдық жазулар мен безендірулер қайта орнатылғанын да айтады. Сондықтан жылда үлкен қаражат жұмсау ақылға сыймайды дейді.
Былтырғы мүсіндер де қайта орнатылған. 21 миллион деген үлкен ақша. Бұл сомаға бұдан да көбірек безендіру орнатуға болар еді. Бізде негізі Конституция көшесі ғана әдемі.
«Қараңызшы, мына шырша ұнайма ма? Маған ұнамады. Жасандылық көп, шырша емес құдды бір үш бұрышты әдемі бір зат сияқты. Мүлде шыршаға ұқсамайды», – дейді тұрғын.
Ал Талдықорған қаласының бюджетінен әдемілік үшін басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда аз ақша бөлініпті. 17 миллион теңгеге жуық қаржы. Қалада орнатылған ең ұзын шыршаның биікті 24 метр.