Ақтөбеде жалақы алмаған тәрбиешілер білім бөліміне басып кірді
Ақтөбеде балабақша тәрбиешілері төрт айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Әкімдіктегілердің оларға қарызы 70 миллион теңгеден асқан. Бірақ шенеуніктер мектепке дейінгі білім беретін мекеме қызметкерлері алдындағы бережақтан құтылуға асығар емес. Олардың құр уәдесіне тойған тәрбиешілер білім бөлімін басып алды. Бұл туралы КТК хабарлады.
Шыдамның да шегі бар! Бұған дейін азғантай айлыққа шүкіршілік етіп келген ақтөбелік балабақша тәрбиешілері апта соңында ашуға мінген. Өйткені, жаңа жылды жалақысыз қарсы алса да жақ ашпапты. Енді маңдай термен тапқан теңгесін төрт ай бойы бермеген шенеуніктерге сенуден қалған. Бастықтарына қарсы шығудан қаймығатын олар бүгін керсінше білім бөлімін басып алды. Ақтөбеде балабақша тәрбиешілерінің алатын айлығы 50 мың теңгеден әрі аспайды. Енді бұл да қолдарына тимей қарызға белшеден батып отырғандарын айтады.
«Бұл жерге еріккеннен келген жоқпыз. Біз төрт айдан бері жалақы алған жоқпыз. Үйде балаларымыз бар. Мен көп балалы анамын. Жеті балам бар. Жолдасыма жақында операция жасалды. Оған өте жақсы күтім керек жүрегіне. Ал біз әлі күтіп жүрміз ақшаны мысалы. Біздерге береміз, береміз деп алдайды»,- деді балабақша тәрбиешісі Гүлжаһан Мейірманқызы.
Ақтөбедегі балабақша қызметкерлеріне әкімдіктегілердің қарызы жетпіс миллион теңгеден асқан. Осы күнге дейін тәрбиешілерді құр уәдемен тойдырып келген олар бұл жолы да үйреншікті әдеттерінен айныған жоқ.
«Қаражат толық бөлінбегеннің кесерінен біздерде кредиторлық берешек пайда болды. Қазіргі таңда ол жылдың аяғына 70 миллион теңге құрады. Қазіргі таңда және алдағы дүйсенбі күні қаражат түседі деген ойдамын»,-дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Рустам Әлжанов.
Әкімдіктегілер әзірге тәрбиешілердің жаңа жылға дейінгі жалақыларын төлемекші. Жетпіс миллион қарыз сол уақытқа дейінгі есеп екен. Ал олардың қаңтардағы айлықтарын енді қашан алатындарын шенеуніктер нақты айтпай отыр. Ең қызығы, бюджет шығынын бекіткенде білім бөліміндегілердің қайда қарағаны белгісіз.
Жіберіп алмаңыз:
Жалаңаштана шешініп тастап билеген қазақ жігіттер елдің ашуына тиді (видео)
Қызылорда облысының тұрғыны қарызын бермеу үшін әйел адамды өлтіріп кетті
Енді төрт балалы отбасыларға ай сайынғы жәрдемақы берілмейді
Атырауда көпбалалы отбасы қақаған қыста темір контейнерде өмір сүруге мәжбүр