Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде үйіне жете алмаған шетелдік кейуана кіреберісте түнеп жүр

Ақтөбе қаласында қолында екі бірдей мемлекетте тұрғандығын растайтын құжаты бар кейуана үйіне орала алмай жүр. Бюрократияның былығынан барынан айрылған азаматша екі елдің президентіне бірдей үндеу жолдап, көмек сұрады,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап. 

60 жастағы зейнеткер Нұрия Усманованың Орынборда жалғыз қызы мен күйеу баласы қалған. Ол құжатына байланысты осындай сергелдеңге түсемін деп ойламаған. Бар мәселе оның өзбекстандық төлқұжатынан басталған. 

"Менде Өзбекстанның төлқұжаты болды. Оның жарамдылық мерзімі бітетін болған соң, Орынбордағы көші-қон полициясының қызметкерлері: "Мынау ескі үлгідегі төлқұжат, ауыстырып келіңіз", - деді. Ташкентке барып, төлқұжатымды ауыстырып, шекараға келгенде мені Ресейге кіргізбей қойды, тыйым салынған деді. Менің төлқұжатым ескі үлгіде болған соң осындай мәселе туындап тұрған шығар", - деді Нұрия Усманова.

Ресейге өте алмаған кейуанаға Ақтөбеде аялдауға тура келеді. Мұнда танысы да, туысыда жоқ әйел көпқабатты пәтерлердің кіреберісінде түнеп жүреді. Сөйтіп жүргенде оны еріктілер байқап қалып, көмектескен. Хостелді паналап жүргенде қарапайым тұрғын тұрақтауға орын берген. Ал қазір мәселесі шешілгенше әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатыр. 

Нұрия Усманова карантинге тап боламын деп ойламаған, осы кезеңде Ресейде тұруға рұқсат беретін ыхтиярхатының да мерзімі өтіп кеткен. Орынборға барған соң құжаттарын реттеп, Ресей азаматтығын алуды жоспарлап отыр. Шетелдік әйелдің мәселесін шешуге ақпараттық кеңес беру орталығы көмектесуде. Зейнеткердің үйіне оралуына бір ғана жол бар.

"Ол кісінің қызы бар, хирургта тізімде тұрған адам екен. Нақты күнге келу керек деген қағаз бізге келсе, оны шекараға апарамыз, әрі қарай Ресейге сол қағаз арқылы өте алады", - деді "Дәріс" ақпараттық-кеңес беру орталығының атқарушы директоры Гүлнұр Едігеева.

Ақпараттық-кеңес беру орталығы карантин басталғалы 50-ге жуық мигрантқа көмектесіпті. Мәселені шешуге халықаралық көші-қон ұйымы да атсалысқан.

Талқылау