Ақтөбеде тұрғындар жеке қаражаттарына көшеге асфальт төсеп алды
Ақтөбедегі Қазанғап көшесінің тұрғындары тас жол төсеу үшін 10 мың теңгеден жинаған. Ал әкімдік 5 жыл бойы оларға “сендердің көшелеріңді асфальттап тастағанбыз, бұл жерде ешқашан дұрыс жол болған емес” деп жауап беріпті.
Бұл туралы “Диапазон” хабарлайды.
Тұрғындар өз көшелеріне тас төсегеннен кейін, енді тротуардың да жайын өздері реттеп жатыр.
2011 жылы тұрғындар қалалық әкімдікке шағым айтқан. Су құбырын жөндеу жұмыстарына байланысты жолда ірі шұңқырлар пайда болған. Ал шенеуніктер ол жолды 2009 жылы жөндеп тастағанбыз деп жауап беріпті. Кейінірек тағы да жауап келеді: 2010 жылы да Қазанғап көшесіне тас төселгендігін айтады.
Жуырда тұрғындар әкімдіктен тағы бір жауап алды. Олар бірінші кезекте автобус жүретін жүретін жолдарға төсейтіндігін, ал басқа жолдарға бюджеттің қаражаты жетпейтіндігін алға тартыпты.
“Жазда бізге жаңа көрші көшіп келді. Ол жолды бірдеңе қылып жөндейік деді. Сосын асфальт зауытына барып, бағасын біліп қайтқан. Іле-шала 10 мың теңгеден жинап, 14 көлік асфальт түсірдік. Қазір жол жақсы”, – дейді жергілікті тұрғындардың бірі.