"Ақтөбеде тәрбиешілер мүгедек балаларды ұрып-соққан": Интернат басшылары жауап берді
Ақтөбеде мүгедек балаларға арналған интернат қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Олар науқас бүлдіршіндерді ұрып-соқты деп айыпталып отыр.
"Кәмелетке толмағандарға қатысты бірнеше рет ұрыпсоғу, басқа да зорлық-зомбылық анықталды. Аталмыш фактімен аудандық прокуратурада ҚК 110бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", – дейді Астана ауданы прокуратурасының прокуроры Андас Әбіл.
Бұл әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қазір 42 бала тәрбиеленіп жатыр. Барлығы ДЦП дертімен ауырады немесе ақыл-есі кем бөбектер. Көбінің ата-анасы жоқ. Мемлекет қарауындағы бұл балаларға күш көрсетілгені туралы жақында прокуратураға әлдекім арыз түсірген. Оның кім екенін тергеушілер айтпайды. Сол шағым негізінде интернаттағы бақылау камерасын қарап шыққан прокурорлар санитарлардың қылығынан шошынып отыр. Ал әлеуметтік қызмет орталығының директоры қарамағындағыларға шаң жуытар емес. "Ешкім науқас бүлдіршіндерге қол көтермеді" деп ақталды.
"Айып тағып отыр, баланы ұрып жатыр деп. Ол жерде баланы жатқыза алмай жатыр. Кереметтей ұрып жатқанын көрген жоқпын. Біздегі балалар – психоневрологиялық балалар. Қол жұмсағанын байқаған жоқпын. Мен айыппен келісе алмаймын", – дейді №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Асылбек Мұхамбетқали.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
