Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде тағы да жанармай тапшылығы сезіліп жатыр

Ақтөбеде газ тапшылығы сезіліп жатырФото: Видеодан скрин

Ақтөбелік жүргізушілер тағы да жанармай дағдарысына тап болды. Өңірдегі бекеттерде көліктерге арналған көгілдір отын болса да, оны талон арқылы ғана беріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Басқа кезде тұрғындар көліктеріне жанармай құю үшін сағаттап кезекте тұруға немесе қаланы түгел шарлап, бірнеше литр газ іздеуге мәжбүр болады. Автокөлікті жанармаймен толықтыру кейде бірнеше сағатқа созылады.

"Соңғы аптада кезек көп. Қаламызда барлық жерде газға кезек бар. Бір сағат, екі сағат күтеміз. Қалада газ жоқ", "Еш жерде газ жоқ. Іздеп жүрміз, тіпті чат құрдық. Сол жерге қай бекетте қолма-қол ақшамен құюға болатынын жазамыз", "4-5 жанармай құю бекетін араладым, ешқайсында жоқ. Тек кездейсоқ алтыншы бекеттен таптым. Қасындағылар талонмен береді. Мұнда бүгін қолма-қол ақшаға болады деді. Міне, 30-40 минуттан бері кезекте тұрмын", – дейді жүргізушілер. 


"Зиратта, жанармай бекетінің жанында қондым": Алматыда зейнеткер алаяқтарға алданып, баспанасынан айырылды


Қостанай облысында жүк көлігі жанармай бекетіне соғылды


Көгілдір отын тапшылығына облыстағы үш зауыттың бір мезетте жоспарлы жөндеуге тоқтауы себеп болған. Соның салдарынан қыркүйекте өңірге тиесілі 15 мың тонна орнына небәрі 10 мың тонна ғана жеткізілді.

Жергілікті билік өкілдері алдағы күндері жағдай тұрақталатынын айтты. 

"Жөндеу жұмыстары аяқталды. Жеткізу жоспарына сәйкес шамамен 539 тонна отын жөнелтілді. Оның 335 тоннасы автоцистернамен, қалғаны вагондармен тасымалданып жатыр. Вагондар қазір Ақтөбеге, "Ақтөбе" станциясына жақындап қалды. Сонымен қатар Ақтөбе облысы әкімдігі мен Энергетика министрлігі қосымша көлем бөлу мәселесін қарастырды. Бүгінде қосымша көлем бөлінді. Ол шамамен 27 вагон, яғни 972 тонна", – деді Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Алмас Салықбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Балқаш көлінде демалушылардың көптігінен жанармай құю бекеттерінде бензин таусылып қалғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 03 Қазан, 2025 10:07
Талқылау