Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде "Сыбаға" ұлттық дәстүрлер фестивалі басталды

Шара өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ауқымды фестивальдің алғашқы күні – "Тағылым" деп аталды. 

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің "Мәңгілік ел" залында ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды. "Ұлттық рух тұғыры" тақырыбында өткен басқосуда белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері тарих, мәдениет және ұлттық сана тақырыптарында ой қозғап, ортаға салды. 
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталған еді. Олар — тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Бүгінде алдымызда тұрған үлкен мақсат — адал еңбек етіп, табысқа адал жолмен жететін адамды тәрбиелеу. Әр адам "адал азамат" деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.

Замандастарымыздың ұлттық салт-санаға, әдет-ғұрыптарымыз бен дәстүрімізге енжар қарап, отбасында, ұрпақ тәрбиесінде оларды негізге алмауы өзекті мәселе болып отыр. Бүгінгі конференция осы тұрғыда ақ пен қараның, жақсы мен жаманның арасын ажырата білу үшін үлкен-кішіге ой тастау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ал фестиваль облыс әкімі Асхат Шахаровтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отыр. Халқымыз үшін ғылым басты сыбаға болуға тиіс. Қай іс те ғылымға, ойға сүйеніп жасалса, алға жылжиды. Сондықтан фестивальдың алғашқы іс-шарасын ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен бірлесе өткізгенді жөн көрдік", — деді облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетқан Сәрсембин қазақ мәдениетінің тарихи кеңістігіндегі ұлттық сана тақырыбына және өткен мен бүгіннің сабақтастығына шолу жасады. Ал ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлімай Әбішқызы ұлттық құндылықтарды, қоғамға деген жанашырлықты сіңіруде әр адамның жеке жауапкершілігінің маңыздылығын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, конференцияда Жұбанов университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров, облыстық аналар кеңесінің мүшесі Гүлшат Бақтиярова, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, т.б. ғалымдар баяндама жасады.

Бес күнге созылатын дәстүрлер фестивалі аясында ұлттық киімдердің сән көрсетілімі және қолөнер шеберлерінің "Дәуір дефилесі" көрме-жәрмеңкесі өтеді. Аңшылық және ұлттық спорт түрлерін дәріптейтін "Салбурын" жарысын да тамашалауға болады. Сондай-ақ тағамдар көрмесі де жоспарланған. Қорытынды күні қайырымдылық акциясы өтеді.

Талқылау