Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде пойыз астында қалып мүгедек болған қыздың анасы: Қызым өзіне қол салған жоқ, ол ауыр жұмыстан шаршап құлаған

Ақтөбеде теміржолдың кезекшісі пойыздың астына түсіп, екі аяғынан айрылды. Қазір келіншектің жағдайы ауыр. Туыстары болса станса басшылығына шүйлігіп отыр.

Ақтөбеде пойыз астында қалып мүгедек болған қыздың анасы: Қызым өзіне қол салған жоқ, ол ауыр жұмыстан шаршап құлаған

«Оқыс жағдайдың неден болғанын анықтаудың орнына, келінімізді «суицид» жасағысы келген» деп айтқаны жанымызға батты дейді. Бұл қауесет пе, әлде теміржол бекетінің басшысы осындай мәлімдеме таратқаны рас па? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Таңалагеуімнен Гүлжанаттың жақындары аурухананың есігін күзетіп жүр. 33 жастағы келіншекті кеше санитарлық авиациамен Ақтөбеге жеткізіпті. Шұғыл ота жасауы тиіс. Аудандық аурухананың дәрігерлері пойыз астында қалған екі аяғын бірден тізеден төмен кесуге мәжбүр болыпты. Енесі әлі күнге келінінің әдейілеп барып пойыздың астына түсті дегеніне сенгісі келмейді. 

"Негізі бір күн - күндіз, бір күн - түн, яғни екі күн демалу керек, негізі режим бойынша. Соңғы күндері балам жұмыстан шынымен шаршап жүргендігін айтып жүретін. Ауырлап кетті деген. Себебі, екі күн демалыстың орнына 1 күн демалыс , сол да әсер етті деп ойлап отырмыз", - дейді зардап шегушінің енесі Ақдәрі Бұқарбаева.

Оқиға 19 тамыз күні Шалқар стансасында болған. Гүлжанаттың пойыз астына түсіп қалғанын басшылары бізге кеш хабарлады дейді туыстары. Бәрінен жандарына батқаны  жап-жас келіншекті өз-өзіне қол салмақшы болды дегені болып отыр. 

«Бір аяқ емес, екі аяғы. Оның үстіне қайта-қайта телеграмма келіп жатыр. «Самоубийство» дегенде жаным шығып кете жаздады. Неге олай жазады басшылары? Әуелі біліп алмай ма қызымды менің». - деді анасы Дариға Әбдірашева. 

«Ол баламның өзі да айтып тұр: басым айналып, сөйтіп келе жатыр еді деді. Сол жүріп бара жатқан пойыз жүріп кетіп тұр да. Менің балам жаңағыдай, басшылық айтқандай өз-өзіне қол жұмсаған жағдай болса, ол кеудесін көтеріп шықпас еді да, сол жерде туралып қалады ғой», - дейді зардап шегушінің енесі Ақдәрі Бұқарбаева. 

Ауыл-аймақ та Гүлжанатты жамандыққа қимайды. Теміржол саласында жұмыс жасағанына 8 жыл болған. Күйеуі екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр. Мүгедек болып қалған келіншектің болашағына алаңдаған қос анасы теміржол мекемесінің басшылығынан болған жайтты егжей-тегжей зерттеуін талап етіп отыр. Еңбек заңнамасының бұзылғанын ескерсе, бұл өндірістік апат болып есептелуі керек дейді. 

"Үкімет соның әділдігін шешіп қараса екен", - деді енесі.

Мән-жайды апат болған стансаның басшысынан білмек болдық. Бекет кезекшісінің жұмыс тәртібі, міндеттері туралы сұрағанбыз. Алайда «Келіншек өз-өзіне қол жұмсамақшы болды» деген ақпаратты кімнің таратып жүргені туралы да, басқа да сауалдарымыз басы ашық күйінде қалды.

«Тергеу жүріп жатыр, мен басқа ештеңе айта алмаймын. Ол жұмыстан тыс уақытта, шығып кеткен уақытта болды", - дейді Шалқар теміржол стансасының басшысы Жолдыбай Ізтілеуов.

«Қазақстан теміржолы» компаниясы да осы жағдайға қатысты тексеріс жүріп жатқанын хабарлады. Тараптардың ресми жауабын күтіп, мәселені назарда ұстайтын боламыз.

Талқылау