Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде полиция үйінде тұрып жүрген әже 20 жыл көрмеген ұлын тапты

Туған немерелері үйінен қуып шыққан әжейді ақтөбелік полиция қызметкері қамқорлығына алған. Кейуананың ұлы табылып, бір-бірін 20 жыл бойы көрмеген анасы мен ұлын табыстыруға учаскелік инспектор Дастан Сұлтанғалиев арқау болған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көзі жасқа толған Людмила Шевченко араға жылдар салып ұлын бауырына басты. Ұлы Владиславты соңғы рет туыстарының үйінде көрген. Содан кейін байланыстары ажырап қалыпты. Кейуана осы уақытқа дейін перзентін өлдіге санап келген.

 "1 жасқа толған кезінде енеме тастап кеттім. Өзім Ақтөбеге орнықтым. Медбике болдым. Ол кездері байланыс та нашар, қазіргідей телефон жоқ. Ұшақпен қатынауға қаражат жоқ. Қанша жылдан кейін ұлыммен табысқаныма қуаныштымын. Көргенде, кешірім сұрап, табанынан сүйемін дейтін едім. Сол күнге жеткеніме ризамын", - дейді Людмила Шевченко.

Владислав анасына деген титтей де реніші жоқ, әлдеқашан кешіргенін айтты. 52 жастағы азамат шалыс басып, түзету мекемесінде өткізген сәттерінің бәрі қателікпен болды, қазір түзелдім деп отыр. Жиһаз жасаумен айналысады екен.

"Қазір жатақханада тұрамын. Басшым тауып берді ол бөлмені. Анамды қолыма аламын. Далада тастамаймын, қарттар үйіне жібермеймін. Қандай жағдай болмасын, қасымда болады. Анамды көргенде қатты қуандым. Осы уақытқа дейін қайтыс болған шығар деп ойлап келдім. Өйткені, архивтерге, барлық жерге іздеу салып, таба алмадым", - дейді Владислав Шевченко.

Арасы ажырап қалған ана мен баланың кездесуіне  учаскелік инспектор Дастан Сұлтанғалиев себеп болған. Өткен жылдың қарашасында учаскелік полицейге зейнеткер шағым айтып келеді. Туған немересі пәтерін сатып, үйден қуып жібергенін айтады. Дастан барар жері, басар тауы жоқ Людмила Шевченконы бір бөлмелі пәтеріне алып келеді. 79 жастағы зейнеткер содан бері полицейдің отбасымен бірге тұрып келді. Бір күні әңгіме арасында ұлы жайлы баяндап беріпті.

"Ол кісі айтқан 10 жаста балам болған, оны жолдасымның мамасына тастап кеттім, Ростов-на-Донуға, ол кезде бала ауырған. Содан көрген жоқпын деген. Владиславты тауып, әжемен кездестіріп жатырмын", - деді Дастан Сұлтанғалиев.

Людмила Шевченко Дастанды ұлы деп санайды. Туғанынан көрмеген жылулықты Сұлтанғалиевтер отбасынан сезінгеніне алғысын жаудырды.

"Дастан керемет адам! Жұбайы Алмагүл де әже, қарның ашып қалмады ма деп, бәйек болады. Жарты жыл болды олармен бірге тұрып жатқаныма. Алғыстан басқа айтарым жоқ", - дейді ол.

Людмила әже қазір Сұлтанғалиевтер отбасының бір мүшесі. Төрт баласы бар учаскелік полицейдің отбасы бір бөлмелі пәтерде тұрады. Қызметтік пәтерде 7 адам тұрып жатыр. Зейнеткердің ұлы ыңғайлы пәтер тапқан соң, анасын алып кететінін айтқан.


Ақтөбе қаласына арналған 2021 жылдың ораза кестесі

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр