Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде несие алушылар банктен комиссия шығындарын өтеп алып жатыр

Ақтөбеде екінші деңгейлі банктерден несие алғандар комиссия шығындарын өтеп алып жатыр. Заңсыз қосылған ақшалар сот арқылы кері қайтарылуда.

Фото: kapital.kz

Қазіргі несие алмаған адамды іздеп табу қиын. Қолма-қол қаражаты болмағандықтан тұрғындар банктен түрлі себептермен ақша алады. Жеке кәсіп ашу, пәтер немесе көлік сатып алу, құрылыс пен жөндеу жұмыстарына алынатын несие алғашқы орындарда. Ал, несие алушыға көрсетілетін қызмет үшін банк тарапынан алынатын комиссия заңды ма? Банктермен жасалған келісімшартты тексеріп, сот арқылы мәселені шешуге болады, деп хабарлайды Baq.kz.

Ол үшін әуелі қосылған үстеме ақшаның негізсіз екенін дәлелдеу қажет. Биыл облыстың 70 несие алушысы екінші деңгейлі банктерді сотқа беріп, комиссия шығындарын өтеп алған. Солардың бірі – Арман Байтасов (кейіпкердің есімі өзгертілді). 46 жастағы азамат бір жылдан астам уақыт бұрын екінші деңгейлі банктің бірінен несие алған. Екі жылға 250 мың теңгеге жуық қаржы сұраған ақтөбеліктің қолына банктегілер 210 мың теңгені береді.

«240 мың теңгеден астам несие сұрадым банктен. Емделу үшін қажет болды. Алайда, сұраған ақшамның 30 мың теңгесін қызмет көрсеткені үшін есептеп алып қалды, оған сақтандыру қызметін қосты. Сонымен мен екі жылда төлеуім тиіс несиені 600 мың теңгеге есептеп берді. Келістім. Кейін «комиссия шығындарын қайтаруға болады» дегенді естіп, заңгерлерден кеңес алдым. Қорғаушы жалдап, заңсыз қосылған комиссия шығындарын дәлелдедік. Сотта жеңіп шықтық. Банк маған қайтаратын 200 мың теңгеге жуық қаржымен несиемнің қалған сомасын шегердім», – деді ақтөбелік Арман.

Ақтөбе қаржыгерлерінің сөзінше, үш жыл бұрын алынған және қазіргі несиенің комиссия шығынын кері қайтаруға мүмкіндік бар. Ол үшін несие алушы сотқа шағымданып, өз талаптарын айтуы керек. Екінші деңгейлі банктер заңға сәйкес өз қызметтеріне комиссия тағайындай алады. Бірақ, бұл туралы несие келісім-шартында міндетті түрде жазылуы тиіс. Ұлттық банк қызметкерлері осы мәселеге байланысты 70 сот отырысына қатысқан. Сот шешімі көбіне несие алушының пайдасына шешіліп жатыр.

«Банк клиенті сотқа арыз түсіріп, комиссияның негізсіз төлегенін дәлелдеуі керек. «Банктер және банк қызметі туралы» Заңы бойынша екінші деңгейлі банк комиссияға ұсталатын ақшаның құнын өздері белгілейді. Екі тарап арасындағы дау сот арқылы шешіледі. Жыл басынан бері 70-тен астам сот отырысына қатыстық. Көп жағдайда банктер несие алушыларға комиссия шығынын қайтарып жатыр. Мұндай жағдай барлық екінші деңгейлі банктерде тіркелді», – деді Ұлттық банк Ақтөбе облыстық филиалының бөлім басшысы Жанат Айтбай.

Статистикаға сүйенсек, ақтөбеліктер көбінесе несиені ұлттық валютамен алғанды қалайды. Өңір тұрғындары биыл 259 миллиард теңгеге несие алған. Былтырғымен салыстырғанда 67 пайызға артық. Несиелік берешектер де аз емес. Ақтөбе облысында несиелік берешек көлемі 308 миллиард теңгені құрап отыр. 24 миллиард теңгесі уақытында өтелмей отырған несие.

Дегенмен, Ақтөбе халқы ақшаларының бір бөлігін жинаудан танбаған. Еуро мен рубльден гөрі, доллармен сақтайды. Депозит көлемі 3 пайызға артқан. Облыс тұрғындарының жинақ шотында 460 миллиард теңгеге жуық ақша бар. 46 пайыздан астамы ұлттық валютамен сақталған. Қаржыгерлердің сөзінше, жинақтаушылардың басым бөлігі жеке тұлғалар.

Бұған дейін кейбір банктер бірнеше жыл бойы несие рәсімдегендерден заңсыз комиссия алып келгенін хабарлаған едік.

Тағы да оқыңыз:

Майк Тайсон: Анам маскүнем, әкем сутенер болды

Баян Мақсатқызы тұрмысқа шығатынын мәлімдеді

Қостанайлық әжей 109 жасын тойлады

Талқылау