Ақтөбеде хиджаб киген оқушылардың ата-анасы Сапарбаевты іздеп әкімдікте шу шығарды
Бүгін еліміз бойынша мектеп оқушылары каникулдан оралды. Бірақ, үшінші тоқсан Ақтөбеде даумен басталды. Өңірде ушығып тұрған сол баяғы хиджаб мәселесі. Мектеп тәртібіне емес, шариғат тәртібіне көбірек бағынатындар, бүгін жай ғана шу шығарып қойған жоқ.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты іздеп, әкімдікке басып кірді. Сонымен, хиджабшылар шеруі немен аяқталды? Сапарбаев наразы топтың алдына шықты ма? Бұл туралы 31 арна тілшісі баяндайды.
Ақтөбеде әр тоқсан сайын бір шулап басылатын хиджаб мәселесі тағы да қайталанды. Ата -аналардың айтуынша, бүгін олардың қыздарын мектепке бастарына орамал тағып барғандары үшін сабаққа кіргізбей, кері қайтарған. Мектептің ішкі тәртібіне бағынғылары келмейтіндер шариғаттың заңын алға тартады. Яғни балиғат жасына жеткен қыз бала басынан орамал шешпеуі керек. Айтуларынша, баланы мектепке кіргізбеген мектеп басшылары заңға қайшы әрекет жасап отыр.
Бұл мәселенің ушыққаны сонша тіпті ата – аналар бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты іздеп, әкімдікке келді. Алайда олардың айтарын облыс басшысы тыңдай қоймады. Есесіне дін істері мен білім басшылары шығып, алдымен мәселені тілшілерсіз шешеміз деп жиналғандарды жинап алып кетті. Ақыры бір сағатқа созылған жиыннан түйінді шешім шықпады. Ортақ мәмілеге келе алмаған ата-аналар үйлеріне тарқасты.
Алайда облыстың бас ұстазы ендігі жерде мектептің тәртібіне көнбегендерді жаппай жауапқа тартамыз деп отыр.
“Егер де ата-ана өз міндеттерін орындамайтын болса, яғни баланы мектепке келуін қамтамасыз етпесе, мектептің ішкі тәртібін орындамайтын болса, әрине ата-ана ретінде, балаға жауапты азамат ретінде ол жауапқа тартылады. Өз міндетін атқармағаны үшін ол айыппұл салынуы болуы мүмкін. Ең алғашқы ол айыппұл”, – дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Аманжолова.
Бұл мәселенің басы осыдан бес ай бұрын басталса да не мектеп басшылығы не ата-аналар әлі күнге ортақ шешімге келген емес. Қыздарымыздың басынан орамалды шешпейміз деген ата-аналар енді шағымдарын айтып прокуратураға бармақшы. Жалпы қазіргі таңда Ақтөбе облысында барлығы 400-ге жуық оқушы мектепке орамал тағып келеді.
Тағы да оқыңыз:
Қазақстандық бухгалтерлерге хакерлерден қауіп төнуде
Ерлан Біләлді қорғаштаған актриса ел алдында жылап тұрып өлең оқыды