Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде күзгі санитарлық-тазалық екі айлығы жарияланатын болады

Ақтөбеде күзгі санитарлық-тазалық екі айлығы жарияланатын болады. Ақтөбе қаласының аумағында 38 аумақтық қоғамдық кеңес құрылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы қала әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында белгілі болды.

Ақтөбе қаласының Астана және Алматы аудандарының аумағында 38 аумақтық қоғамдық кеңес құрылды. Әрбір аумақтың қоғамдық кеңесінде белсенді тобы болады, оны белсенді тұрғындар басқарады. Топ құрамында сол аумақтың санитарлық тазалығына, құқықтық тәртібіне және басқа да күнделікті тыныс-тіршілігіне жауапты учаскелік инспектор, медициналық маман, ардагерлер кеңесінің төрағасы, мектептің басшысы, мәслихат депутаты, қоғам белсендісі болады.

Бүгін Асхат Шахаров 38 аумақтық кеңестің белсенді тұрғындарымен кездесу өткізді. Оған қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, жергілікті полиция қызметінің басшылығы қатысты.

Ең негізгі тақырып - қала аумағында тазалық пен тәртіпті күшейту. Округтер белсенділері өз аумақтары, елді мекендері бойынша абаттандыру, тазалық жұмыстарына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Олар көшеге, кез келген жерге тұрғындар қоқыс тастап, ескі жиһаздарын, қажет емес құрылыс материалдарын лақтырып кетенін, ол үшін полиция тарапынан бақылауды күшейту керектігін айтты.

Қала әкімі барлық мәселе назарға алынатынын айтып, бірігіп жұмыс істеуге шақырды.

"Астана ауданы бойынша 18, Алматы ауданында 20 аумақтық қоғамдық кеңес құрылып отыр. Кез келген уақытта сіздермен бірлесіп қала өміріне қатысты сұрақтарды қарастырып шешіп отырамыз. Тазалыққа, тәртіпке шақыру ісінде сіздер біздің жұмысымызға қолдау білдіреді деп сенемін. Әр аумақтың қоғамдық кеңес мүшелері кемшіліктерді ашық айтып, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына көмектесуі керек. Келесі аптада күзгі санитарлық-тазалық айлығын жариялаймыз. Бүгін көтерілген міселелердің шешілуін бақылап отыратын боламыз. Ол үшін сіздермен тығыз байланыста боламыз, келесі кездесуімізді екі аптадан кейін деп белгілейік", - деді қала басшысы.
 

Талқылау