Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде көлікті мас күйде айдап, жұмыстан шығып қалған депутат жаңа лауазымға тағайындалды

Мас күйінде көлік жүргізгеннен кейін Ақтөбе қалалық мәслихатынан кеткен депутат Қоғамдық кеңес мүшесі болып тағайындалды. Көпшілік әйелдің жаңа лауазымына күмәнмен қарайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото Михаил Козачковтің желідегі парақшасынан алынған

Журналист Михаил Козачков желідегі парақшасында бір жыл бұрын Әлия Молдағұлова мен Сәңкібай батыр даңғылдарының қиылысында қарсы бағытқа шығып кеткен Lexus көлігі полицейлердің назарын аударғанын жазған.  Даулы оқиғадан кейін Мұратова депутаттық мандатын тапсырып, қалалық мәслихаттан кетті. Алайда бір жылдан кейін, 54 жастағы кәсіпкер әйел қайтадан көпшіліктің назарына түсті – ол Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде тіркелді. Облыстық Қоғамдық кеңестің жаңартылған тізімінде Сәния Мұратова №21 болып көрсетілген.

"Маған біреу түсіндіріп берсінші, енді Қоғамдық кеңеске кімді қабылдайды, космонавтарды ма?", – деп таң қалады белгілі ақтөбелік педагог және қоғам қайраткері Талғат Төремұратов.

Айта кетейік, бұрынғы депутат Қоғамдық кеңеске қатысты дау тудырған бірінші тұлға емес. Бірнеше жыл бұрын Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Оңдасын Оразалин блогерлермен кездесуде Қоғамдық кеңестің жаңа форматта құрылатынын, пайдасы жоқ "сәнді генералдар" болмайтынын айтқан еді.

Алайда үш айдан кейін облыстық Қоғамдық кеңеске зейнеттегі полковник, Полиция департаменті мен Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин қабылданды. Ол жақында ғана жалған нөмірлі қымбат жол талғамайтын көлікпен жүргені үшін сынға ұшыраған. Мұратова сияқты, Дәулеталин де сотқа келмеген. Оған 55,5 мың теңге айыппұл салынды.



"Тағы қазіргі Қоғамдық кеңес мүшесі, тоғыз жыл бұрынғы сот құжаттарына сәйкес, анасына алимент төлеуге міндеттелгеніне қарамастан, 600 мың теңге қарыз болған. Сот бұл соманы өндіріп алған. Қызықты тұлғалардың бірі, қазір бұрынғы мүшесі, Серік Шаңғұтовты да атауға болады. 2016 жылы оның есімі бүкіл елге жайылды. Ол кезде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бір ауылда адамдардың жарықсыз отырғанын біліп, аудан әкімі болған Шаңғұтовтың өзінен электр жарығын өшіріп тастаған еді. Жақында ғана Серік Тілеулесұлы облыстық Қоғамдық кеңестің бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі комиссиясын басқарды", – делінген арна жазбасында.

Еске салайық, былтыр Ақтөбеде мас күйде көлік жүргізгені үшін істі болған мәслихаттың экс-депутаты Сәния Мұратова ұсталып, 15 тәулікке қамауға алынғанын жаздық. Әкімшілік сот үш рет шақыру қағазын жібергенімен, Сәния Мұратова сот отырысына ешқашан қатыспаған. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін сот оны 15 тәулікке қамауға алуды және жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыруды ұйғарды. Сотта полиция инспекторы Нұржас Мүсіреп бір ай бойы полиция экс-депутаттың қайда жүргенін анықтай алмағанын айтты. Сондықтан істі қарап жатқан судья 53 жастағы Мұратованың қатысуынсыз шешімді оқыды.

Талқылау